"Елдің қайғысымен күресу керек": Айтыскер тойға мораторий сұрағандарды орнына қойды
Жарияланған күні:
Танымал айтыскер ақын Болатбек Мейірбекұлы тойға шектеу қою керек дегендерді орнына қойды. Ол елдің дамуына қазақтың қуанышы еш кедергісін келтірмейтінін айтып, өз ұсынысын білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Халықтың сөзін сөйлеп жүрген азамат бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Тойға мораторий жариялау керек" дейтіндерге айтарым, елдің қуанышы емес, қайғысымен күресу керек алдымен.
"5 жыл тойды тоқтатсақ елдің жағдайы жақсарар еді" депті бір кісі. Мәселе жекелеген адамдардың жанұялық тойында емес, меніңше. Оған шектеу қоюдың да шеңбер-шекарасы болуы керек.
- Мысалы, біреу жалғыз ұлының қуанышын бөліскісі келеді.
- Біреудің әкесі немесе анасы қарттық жасына жетіп, кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда, құда-жекжатпен қауқылдасып қалса дейді.
- Енді бірінің қатыны көп күттіріп, шекесі торсықтай ұл табады. Тағысын тағы... Оны қалай атап өтпейді? Ал тойға қойылатын шектеу мынандай болғаны дұрыс деп есептеймін. Мәселен:
1)Тойға шақырылатын қонақтардың саны көп болса 150-180 адамның шамасында болуы;
2)Ас мәзіріне адам басына аспандағы бағаны сұрайтын мейрамханалардың ең жоғарғы бағасы кісі басына 7-10 мыңнан аспауы;
3)Үйлену тойлардағы кортежге, тағы басқа қажетсіз шығындарға тыйым салу;
4)Асабалар мен әншілердің, одан бөлек қызмет көрсетушілер мен өнерпаздардың да еңбекақысына өлшем қойылуы ретке келсе, той жасау деген аса шығынды дүние болмас еді деп ойлаймын", - деді Болатбек.
Айтыскердің сөзінше, қарапайым халықтың тойы емес, мемлекеттік деңгейде тойланатын тойлар мен сапасыз саммит-жиындарға мораторий жариялау керек.
Ол "елордадағы пантеонға 958 миллион теңге жұмсағанша, қазір қаңырап тұрған ЭКСПО-ға қисапсыз қаражат бөлгенше, "пәленбай батырдың пәленше жылы", "туленбай ақынның түгенше жылы" деп есепсіз ақша шашып, ескерткіш тұрғызғанша, мектептер мен мәдениет ошақтарын, зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар ашып, жұмыспен қамту қалыпқа келсе халық үкіметке қол жаймай күнін көре беретін еді" деп отыр.
"Ал тойшыл қазақтың жеке қуанышына қол сұғу-адам құқығын шектейтін қылмыс!Тойды "шектеу керек" деп жүрген дөкейлердің түстік асына біздің той жасайтын ақшамыз жетпейтін шығар.
Қазіргі кезде торқалы той мен топырақты өлімде ғана басы қосылып жүрген қазақтың тек қуанышта ғана жүздескені қандай жақсы. Халықтың жағдайы тойдың май жілігін жегендерді емес, елдің байлығын жегендерді тоқтатқанда жақсаратынын ұмытпаңыздар! "Той болмасын" дегендердің ниетіне берсін! Тойда жолығайық, ағайын!" - деді Болатбек Мейірбекұлы.
Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы қаласының бір топ асабалары мен өнер иелері тойға рұқсат бермей отырған билікке реніштерін білдірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861899-eldi-kajgysymen-kresu-kerek-ajtysker-tojga-moratorij-sragandardy-ornyna-kojdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.