Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тіл мамандары президенттің қазақ тіліне қатысты ұсыныстарына үн қосты

Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіне берген сұхбаты бүгінгі күні қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, президенттің бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – қазақ тілінің болашағы мен дамуына қатысты айтқан ойлары көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе болып отырғаны да жасырын емес. Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамытудың төрт жолын айрықша атап өтті. Осы орайда елдегі тіл мамандары мемлекет басшысының қазақ тіліне қатысты ұсыныстары туралы пікірін білдіріп, үн қосты, деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Depositphotos

"Рух Тіл Жаңғыру" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанов Тоқаевтың "қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттыру" керек деген пікірін қолдайтынын жеткізді.

"Президентіміздің қазақ тілін кең мағынада қолданысқа енгізу туралы пікірін толық қолдаймыз. Мемлекеттік тілді толыққанды қолданысқа енгізуді жоғарғы эшелоннан, Үкімет пен Парламенттен бастау керек. Күнделікті тұрмыста ұлттық тілімізді сақтау, қолданысқа енгізу алдымен әрбір қазақтың міндеті", - дейді ол.

Оның пікірінше, бұл өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне деген қажеттілікті арттырудың тәсілі болмақ. Тоқпановты СҚО Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ақжарқын Есенова да қостап отыр. Айтуынша, президенттің тіл білу қажеттілігі мәселесін көтеруі - қуантарлық жайт.

"Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген "Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр" атты сұхбатында халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрінбеу үшін қандай қадамдар жасау керек екендігін тізбектеп берді.

Соның ішінде, ең бастысы, мемлекеттік қызметке қазақ тілін жетік білетіндер тағайындалуы керек, тілге деген қажеттілікті арттырған жөн деуі қуантады", - дейді әдіскер.

"Қазір – аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ" деген ол "қазақ тілін білу өмір қажеттілігінен туындаған жөн" екенін алға тартып отыр.

"Қазақ тілін білу өмір қажеттілігінен туындаса, әр адам тілді өз еркімен, өз ниетімен жеңіл меңгеретіні, ал мәжбүрлеп оқытса, нәтижесі шамалы болатынын байқап, көріп жүрміз. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақта тізбектелген қадамдар орындалса, туған тіліміздің туы биік болары анық", - деп пікірін білдірді маман.

Әлбетте, тіл білудің қажеттілігі оның қолданыс аясының деңгейіне де байланысты екені сөзсіз. Бүгінгі күні ел аумағындағы қолданылуы жөнінен шамалы ақсап тұрған қазақ тілінің мәселесі өзге ұлт өкілдерін де бей-жай қалдырмайтын болып отыр. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, қызметте көптеген жетістікке жеткен неміс ұлтының қызы Венинг Марина өзінің қазақ тілін жетік меңгергенін айтады. «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін білуі қажет" деп есептейтін Марина елдегі қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауға шақырды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында "Біз өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деген болатын. Мен, президентіміздің бұл пікірімен толықтай келісемін. Өйткені, өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне нағыз жанашыр жандар. Олар қазақ тілін насихаттап, түрлі іс шараларға қатысудан басқа, күнделікті өмірде де қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті, кейбір өзге ұлтты құрбыларым қазақ тілінде мақалдатып, мәнді сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады", - дейді.

Маринаның айтуынша, қазақ тілін білгеннің арқасында ол өмірде көптеген жетістіктерге жеткен.

"Білерім - бір тоғыз, білмейтінім- тоқсан тоғыз" демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда.

Мемлекет басшысы айтқандай: "Қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір - ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі». Демек, мемлекеттік тілді меңгеруді әркім өзінен бастауы тиіс", - дейді Ванинг Марина.

Қазақ тілінің қазіргі жай-күйі туралы ой толғаған Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова тіл дамытуда қызуқандылық пен ұрандатушылықтан аулақ болып, керісінше тағдырлас халықтардан үлгі алуымыз керек дегенді алға тартты.

"Президент өз сөзінде ана тілінің Мемлекеттік мәртебесі туралы өзінің ойын ашық айтты. Шынында бұл мәселеде басқаларды елемей, сыңаржақ кетуге болмайды. Бізде қазір қазақ халқының үлесі көп болғанымен тіліміздің ықпалы төмен екенін мойындауымыз керек. Ал аттандап, орыс тілінің қазіргі мәртебесін төмендетіп, қазақ тілін ғана жоғары көтермек болсақ, ол теріс тиімділік береді. Өйткені, белсенді аренада жүрген қазақтардың көбі ана тілін жетік меңгермеген. Оның үстіне бұл біздегі сепаративтік пиғылдың өрістеуіне мұрындық болады. Сондықтан, көп нәрсені дабырайтпай, жүйелі түрде істеген дұрыс.

Шынында бізде қызуқындылық пен ұрандатушылық басым. Ал ондайлармен табысты нәтижелерге қол жеткізу қиын. Біз ақылды алыстан іздемей өзімізбен тағдыры да, талқысы да көп халықтардан алуымыз керек. Соның ішінде әсіресе, президент айтқандай, өзбектен үйренеміз көп. Олардың ептілігі мен икемділігі қазіргі заманның сұраныстарына толық жауап береді. Кезінде оларда да билік орындарынан орысша сөйлеу талап етілді, олардың да барлық элитасы балаларын орысша оқытты. Алайда өз тілдерін ешкімі ұмытқан жоқ, тіпті берік ынтымақтарының арқасында өзгелерді өздеріне икемдеп алды", - дейді ол.

Сонымен бірге, ол біздегі қазақ тілінің дамуына әрбір қазақ үлес қосуы тиіс, дейді. Мәселен, әрбір азамат өз отбасындағы тіл мәселесін шешу арқылы, бүтін бір мемлекеттік проблемасын шеше алады деген ойын білдірді.

"Біз өзімізді өзіміз кем тұтып, басқалардың соңынан далақтап кеттік. Соның салқынынан әлі күнге арыла алмай келеміз. Адам барлық кемістікті алдымен өз бойынан тауып, алдымен өзінің, жақынының бойындағы сондайларды жеңсе – бәрін де еңсеруге болады.

Мен тіл жанашырымыз, мемлекеттік тілді қолдау керек, қорғау керек деп айғайлап жүретін талай құрбымның балалары немесе немерелері тек қана орысша сөйлейтінін көріп таң қалып жүремін. Кейбіреулеріне жұртқа дәріс айтпас бұрын өзіңнің отбасыңды түзесеңші деп айтып та қаламын. Бірақ өздеріне келгенде ондайлар көңіл аудармайды да, өзгелердің жат тілде сөйлегеніне ыза болып жүретін қылықтарына таң қаласың", - деп наразы болды тіл жанашыры.

Сәуле Мәлікованың айтуынша, президент тіл білу қажеттілігін арттырып, қазақ тілін жетік меңгерген жас мамандардің қызметте өрлеуіне баса назар аударған жөн.

"Мен Президенттің сұхбатындағы мына пікірлерге де қатты риза болдым. Мысалы, ол қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілін арттыру қажет деді. Ол үшін мемлекеттік қызметке кәсібилігімен қоса «қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек», деді. Нағыз бүгінгі күннің талабы осы. Сонымен бірге ол «қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс», деді. Бұл да өте орынды. Қазір өзге ұлттың жастары арасында қазақ тілінде таза сөйлейтіндерін көргенде қатты риза боламын. Міне, соларды барынша қолдау керек", - деді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862188-til-mamandary-prezidentti-kazak-tiline-katysty-synystaryna-n-kosty/

pixel