Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары тағайындалды
Жарияланған күні:
Президет Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары қызметіне Данияр Вагаповты тағайындады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Өкімімен Данияр Валерьевич Вагапов Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды", – делінген жарлықта.
Бұған дейін Вагапов президент әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылған еді.
"Мемлекет Басшысының Өкімімен Данияр Валерьевич Вагапов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды", – делінген құжатта.
Данияр Вагапов әр жылдары қаржы министрлігінде және көлік министрлігінде құқықтық сараптама департаментінің маманы болды.
Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің консультанты, 2002-2003 жылдары премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінің азаматтық және экономикалық заңнама секторының меңгерушісі қызметін атқарды.
2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы президентінің парламенттегі өкілдігі басшысының орынбасары. 2008 жылдан бастап 2013 жылғы қыркүйекке дейін – "Нұр Отан" ХДП-ның заң бөлімінің бастығы, орталық аппараты басшысының орынбасары болды.
2014 жылдың тамызынан 2018 жылғы мамырға дейін - Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы. 2018 жылдың мамырында мемлекет басшысының өкімімен ол президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
"Құрмет" орденімен және "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Айта кетейік, бүгін денсаулық сақтау министрлігінде бірқатар кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Атап айтқанда, Марат Шоранов денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болды. Ал Ажар Ғиният денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862325-lttyk-bank-tragasyny-zaa-orynbasary-tagajyndaldy/