"Күрт нашарлайды": Алматылық дәрігерлер ауруханадағы жағдай туралы айтты (фото)
Жарияланған күні:
Коронавирус инфекциясының таралуына қатысты Алматы қаласында 18 күн ішінде жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынған. Ол жерде қауіпті дертті жұқтырған жағдайы ауыр және орташа ауырлық деңгейіндегі науқастар емделеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Модульді аурухана Алатау ауданында орналасқан. Медициналық мекеме 280 адамға арналған, қазір ол жерде 200-ге тарта адам емделіп жатыр. Нысан ішінде 6 клиникалық бөлім, жансақтау мен қабылдау бөлімі бар.
Сонымен қатар аурухана "таза" және "лас" аймаққа бөлінген, "таза" аймақта қызметкерлер тамақ ішіп, демалады. "Лас" аймаққа тек обаға қарсы қорғаныс киімімен, арнайы көзілдірік, резеңке аяқкиім киіп, берпердемен ғана кіруге болады. Ол аймаққа бөтен адамдарға кіруге рұқсат етілмейді.
Аурухана ішінде қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері бар, таза аймақтың өзіне ПТР тест тапсырмаған кісіге кіруге болмайды. Сонымен қатар ауруханада төрт зертхана, компьютерлік томография, рентген, эндоскопиялық жабдықтар мен УДЗ және электрокардиография жасауға арналған кабинеттер бар. Жансақтау бөлімінде 28 жасанды тыныс алу аппараты орнатылған.
"Коронавирус Қазақстан азаматтарынан табыла бастаған кезде отбасымызға, балаларымызға жұғып кетпеу жағын ойлап, үйге бармадық. Қазір инфекция тарап кетті, олар да көп адаммен байланысқа түседі. Енді олардан өзіміз жұқтырып аламыз ба деп уайымдаймыз, себебі бізді ауруханада қаншама науқас күтіп отыр. Сол себепті қонақүйде тұрып жатырмыз", - дейді Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Утағанов.
Дәрігердің айтуынша, қазір ауруханада 200-ден астам пациент жатыр, оның 95%-іне пневмония диагнозы қойылған. Бұл жерде коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жатқандар жоқ.
Бақыт Утағанов – Қазақстанда коронавирус табылған алғашқы науқасты қабылдаған дәрігер, ол сол күн әлі де болса есінде екенін жеткізді. Ал модульді ауруханада жұмыс істеп жатқанына бір жарым апта болған.
"Соңғы уақытта жағдайы ауыр немесе орташа ауыр жағдайдағы пневмониясы бар науқастар түсіп жатыр, оларда ентігу бар. Ішінде 5-10 пайызының жағдайы ауыр. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп отырады", - дейді медицина қызметкері.
Ауруханада жүзге жуық медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр, оның 30%-і күндіз жұмыс істесе, қалған мамандар түнгі ауысымға үш күн сайын кезекшілікке шығады.
"Науқас ауруханаға түскен кезде біздің қызметкерлер міндетті түрде қорғаныс киімдерін киеді. Науқас ауруханаға түсер алдында жедел жәрдем бригадасы ол кісінің жағдайы қандай, ауыр ма, әлде орташа ма – бәрін хабарлайды. Реанимацияны, жасанды тыныс алу аппаратын дайындау қажеттігі алдын ала нақтыланады. Соған байланысты қызметкерлер дайын отырады", - дейді Утағанов.
Басылым мәліметінше, науқас ешқандай қорғаныс киімін кимейді, себебі, біріншіден, ол вирус жұқтырған. Екіншіден, науқас қорғаныс киімін кигенде немесе маска, респиратор таққан жағдайда вирус әрі қарай өзіне таралуын күшейтіп, ауыр пневмония пайда болады.
Науқастар масканы тек далаға шыққан кезде ғана тағады, себебі бір бөлімнен екінші бөлімге дала арқылы барады. Ол кезде жан-жағындағыларға инфекция таратпас үшін киеді.
Ал науқас ауруханаға түскен кезде ең алдымен пальпация, перкуссия, сатурация өлшенеді. Тамырдың соғысы, дене қызуы өлшенеді, шағымы сұралады. Соған байланысты ем-шара тағайындалады екен.
"Шамамен, науқастардың 40 пайызында дене қызуы көтерілсе, қалған жағдайда пневмония диагнозымен, ауыр тыныс жетіспеушілігімен түседі. Бұл бұған дейін айтылмаған атипті пневмония деп аталады. Себебі оларда дене қызуының көтерілуі, ентігу секілді пневмония белгілері жоқ", - дейді дәрігер
Медицина қызметкерінің сөзінше, күн сайын жансақтау бөліміндегі науқастардан бастап пациенттерді аралау басталады. Әрбір науқастың жағдайы жеке-жеке талқыланады. Әрбірі жеке түрде емделеді, себебі коронавирус инфекциясы стандартты ауру емес. Кейде адамның сізбен сөйлескенде дене қызуы көтерілмей отырса да, бір сағаттан кейін жағдайы күрт нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылуды қажет етуі мүмкін.
Орта ауырлық жағдайда жатқан науқастардың жағдайы күніне үш рет бақыланады, ал жағдайы ауыр пациенттердің жағдайын әр үш сағат сайын біліп отырады.
Ол аурухана дәрігерлері айына бір рет коронавирусқа тест тапсыратынын білдірді. Инфекционист өзінің әріптесінің қалай инфекция жұқтырып алғаны жайлы да айтып берді.
"Біздің бір қызметкеріміз барлық талапты сақтағанына қарамастан, реанимацияға түсіп қалды. Ол ауру жұқтырып алу мүмкін жерде жұмыс істеген еді. Адами фактор болады, адам шаршайды. Солай қателік кетіп жатады, одан ешкім сақтандырылмаған", - деді Бақыт Утағанов.
Алайда ол ешкіммен байланыста болмаған, бірден инфекциялық ауруханаға жатқызылған.
Инфекционист Бақыт Утағановты үйінде жары мен алты жастағы қызы күтіп отыр.
"Сағындым. Төрт айдан бері үйге бармай, ауруханада жұмыс істеп жатырмыз. Олармен телефон арқылы хабарласып тұрамыз, алайда құшақтап, сағынышыңды басқанға ештеңе жетпейді. Әр дәрігер, әр қызметкердің арманы – аман-сау өз үйіне жету", - дейді ол.
Медицина қызметкері тұрғындар карантин шараларын сақтамағандықтан ауруханаға түсетіндер саны артқанын баса айтты.
Оның сөзінше, басым бөлігінің жағдайы ауыр, қайтыс болатындар да бар.
"Реанимация бөліміндегі мамандардың жұмысы 200%-ке артты. Күн өткен сайын жағдай қиындап жатыр. Аурухана қабырғасындағы әлем мүлде басқа, ол жерде оттегіге, дәрігер күтіміне зәру науқастар жатыр", деп сөзін қорытындылады Утағанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862429-krt-nasarlajdy-almatylyk-drigerler-auruhanadagy-zagdaj-turaly-ajtty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.