Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біздің елде де өлім көбейді": Асхат Садырбай жергілікті билік өкілдеріне үндеу жасады

Жарияланған күні:

Отандық танымал журналист Асхат Садырбай елдегі эпидемиологиялық жағдай тым қиындап кеткенін ашық жазды. Ол ауруханалар науқасқа толып, дәрігерлер жетіспей жатқан соң өз бетінше ақылы түрде емделуге мәжбүр екенін алға тартты. БАҚ өкілі жергілікті басқару органдарына тез арада жұмысты қолға алу керек екенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

садырбай
Асхат Садырбай. Фото: instagram: Instagram

Елдегі күрделі ахуал туралы журналист өзінің желідегі парақшасында мәлім етті.

Асхат Садырбай өз жазбасында коронавирусқа байланысты жағдайды шешудің жолдарын да айтуды жөн көрген.

"Расында да вирус қатты таралып кетті. Ауырып жатқан жұрт көп. Өзіміз де ақылы процедурный тауып, пәлен ақшаға емделдік. Қасқалдақтың қанындай болған антибиотикті де таптық шүкір.

Қай дәріханаға барсаңыз да кезекте тұрған адам. Қажет дәрі жоқ. Ал, ондай ақшасы мен процедуралық кабинеті жоқтар ше? Анау антибиотикті таппағандар ше? Соңғы айларда біздің елде де өлім көбейді...

  • Ал, үлкен қалалардың, мегаполистердің әкімшіліктері жағдай тұрақты, пәлен адам ем қабылдап жатыр деген сияқты әдемі есеп беріп қана отыр. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес қой.
Кеше мемлекет басшысы үкіметке және денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшылығына келесі аптада коронавирус жағдайын тұрақтандыру, оның одан әрі таралуына жол бермеу, ауруханалар мен емханалардағы азаматтарға көрсетілетін қызметті жақсарту жөнінде қосымша шаралар әзірлеп ұсынуды тапсырды. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Келесі аптада көреміз", - деген ол жергілікті билік өкілдерінеөз ойын жеткізді.

Сондай-ақ, Садырбай мырза қанша әкім мен министр ауысса да, халық игілігі үшін бір де бір аурухана салынбағанын айтты.

"Менің ойымша жергілікті басқару органдары тез арада медициналық университеттер мен колледждердің студенттерінен волонтерлер штабын құрып, қажетті дәрі-дәрмектер мен емдеу алгоритмін беріп жұмысқа жұмылдыру керек. Уақытша жұмыс істемей тұрған қонақүйлер, жатақханалар т.б.мекемелерді күндізгі стационарға, процедуралық кабинетке айналдыру керек.

Біздің ауруханалар мен медициналық аппараттардың жағдайы осыдан 10 жыл бұрын қандай болса, қазір де сондай. Қанша әкім ауысты, қанша министр ауысты, бірақ осы уақыт аралығында халықтың игілігі үшін бір жақсы аурухана салынбады.

Мысалы Шымкенттегі ауруханаға түссеңіз уақыт машинасымен Кеңес одағындағы соғыстан кейінгі кезеңге тап боласыз. Ауыр халде түскен адамдардың ол жерден аман қайтуы бұрын да екіталай болған, қазір тіпті қиын... Ол туралы неше рет жаздық, жазып та, айтып та жүрміз. Бірақ нәтиже жоқ.

Құрметті әріптестер, тап қазіргі елдің жағдайын жасырмай ақиқатты көрсетіңіздер, баяндаңыздар. Қазір заман талабы басқа. Сіздер айтпай жасырып қалған нәрсені әлеуметтік желілер көрсетіп жатыр. Халық қалаулылары қайда? Жұрттың жанайқайына үн қоса ма екен?", - деп түйіндеді ол өз ойын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862480-bizdi-elde-de-lim-kbejdi-ashat-sadyrbaj-zergilikti-bilik-kilderine-ndeu-zasady/