"Таксистер дәрі тасып жүр". Ел тұрғындары ауруға шипаны өзге қаладан алдыруда
Жарияланған күні:
Қазақстанда коронавирус инфекциясы мен пневмония өршіген тұста дәріханалар алдында кезек ұзарды. Қажетті препарат таба алмаған науқастар дәріні тіпті өзге қалалардан да алдыруға мәжбүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Шымкенттің 24 жастағы тұрғыны Нұрлыбек Ақтөбеде пневмонияға шалдыққан нағашы әжесіне қаланы шарлап жүріп, дәрі іздеген.
"Пульмонологиялық ауруларға қарсы дәрілер керек еді. Шымкентте де дефицит. Қала ішіндегі дәріханадан іздемейміз. Жоқ екенін білемін. Қала шетіндегі дәріханаларға барып іздедім. Леңгір жақтан таптық кейбірін. Парацетамол деген атымен жоқ, – деді ол.
Шымкенттен Ақтөбеге тікелей ұшақ болмағандықтан Нұрлыбек дәріні әуелі Алматыға жөнелткен. Онда танысы күтіп алып, Ақтөбеге жіберген.
"Шымкенттен Алматыға таксимен салдым. Әдетті жолаушы таситын көлікте төрт қана адам, қалғанының бәрі дәрі-дәрмек екен. Пакет-пакет, қорап-қорап дәрі, укол толып тұр. Мен сөйлескен таксист қала арасында адам таситындардың барлығы соңғы кезде адамнан гөрі дәрі тасып жүр деді", – деді Нұрлыбек.
Шымкент тұрғындары да басқа қаладан дәрі алдырып, емделіп жатыр. 27 жастағы Маржан пневмония анықталған анасына дәріні әлі таппаған.
"Левоцин, Леволет, Ловозин, Крексан, Дексаметазон (пневмония, жөтелге қажетті медикаменттер – ред.) деген дәрілерді таппай жатырмыз. Алматыны, астананы шарлап шықтық.
Левоцин дегенді Алматыдан құрбым тапты. Алайда ол үш уколға ғана жетті. Оны салып тастады. Тағы іздеп жатырмыз. Бірақ жоқ. Клександы іздеп жатырмыз. Астанадан да іздедік. Дәрігерлер керек препараттың ғана атын жазып береді. Қосымша іздеуге болатындай етіп балама түрін айтпайды", – деп ренішін білдірді Маржан.
Достары Маржанның анасына керек дәріні Өскеменнен тапқан. Бірақ дәріхана қызметкерлері дәрігер мөрінсіз препаратты бермей отыр.
"Анам Шымкентте емделіп жатқанда ол қағазды Өскеменге жібере алмаймыз ғой. Адам қиналып жатса, олар сатпай отыр", - деді ол.
Қоғам белсендісі, дәрігер Қайырғали Көнеев дәрі тапшылығы елдегі фармацевтикалық қызметтің нашарлығын көрсетті деп санайды.
"Адамдар алаңдап, жаппай сатып алып жатты. Бір жағынан, оларға дұрыс кеңес берілген жоқ. Министрлікке басшы енді ғана келді. Ол қазіргі ахуалды бағалап, не істейтінін шешуі керек. Бірақ уақыт жоқ. Аз болса да аялдау қазақстандықтардың өліміне әкеп соқтырады. Адамдар ешбір көмексіз, вируспен бетпе бет қалып қойды", – деді ол.
Ал әлеуметтанушы Cерік Бейсенбаев кейінгі бір-бір жарым ай ішіндегі жағдай – дәрінің жоқтығы, адамдардың ауырғанда жедел жәрдемге қолы жетпеуі жалпы жүйенің коронавируспен күресуге дайын болмағанын көрсетті деп отыр.
"Дәрі тапшылығы алдын ала болжам жұмыстарының нашарлығын, билік қауіптің ауқымын болжай алмағанын білдіреді. Мемлекеттік басқарудағы зерттеу жұмыстарының сапасы төмен екені көрінді. Әрине, жүйенің қалай екенін бұрыннан білетінбіз. Бірақ оның қаншалықты тиімсіз екені осындай жағдайда анықталып отыр", – дейді әлеуметтанушы.
Бейсенбаев “дәрімен қамтамасыз етуде орталықтандырылған басқару жүйесінің икемсіз екенін айқын көріп отырмыз” дейді. Оның айтуынша, елдегі ахуал мәселені шешуді жоспарлау, жағдайды бақылау, керек кезде көмек көрсету жағынан да орталықтандырылған бас жүйесінің дәрменсіздігі көрінген. Сарапшы билікке ашықтық керек деп санайды.
" Қандай жағдайда “бәрі бақылауда” деген риторика мемлекеттік басқарудың дәстүрі деуге болады. Әлі күнге дейін осылай деп жатыр. Бірақ жағдайдың іс жүзінде қалай екенін көріп отырмыз. Дәрі жоқ деп мойындап, оның шамамен қашан болатынын айтуы керек. Жауапкершілікті мойнына алуы тиіс", – деді маман.
Еске сала кетсек, осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі парацетамол аналогтарының тізімін жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863138-taksister-dri-tasyp-zr-el-trgyndary-auruga-sipany-zge-kaladan-aldyruda/