"Отшашу бізге керек емес": Белсенділер елорда әкімдігін сотқа берді
Жарияланған күні:
Мүгедектердің қоғамдық бірлестігі елорда әкімдігін сотқа берді. Белсенділер елорда күні пандемияға қарсы атылған от шашуға наразы екенін білдірген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қоғам белсендісінің айтуынша, отшашуға жұмсалған қаражат шамамен 1,5 миллиард теңге. Ол "бұл қаржы науқастарды емдеуге жұмсалуы керек еді" деген пікірде.
Сонымен қатар, әкімдіктің әрекеті "ақшаны демеушілер бөлді" деген түсініктемемен ақталмауы керек дейді.
Белсенділер отшашу тыныштық туралы заңды бұзғанын жеткізді.
"Егер кімде кім 23.00-ден кейін шулы шара өткізсе, онда жаза қолдану керек. Өйткені, 23.00-ден кейін адамдар ұйқыға кетеді және олар тыныштықта демалуға құқылы. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті бұзу болып табылады. Көптеген пациенттер, көптеген адамдар бұны дұрыс қабылдаған жоқ", - деді "Халық дауысы" қоғамдық ұйымының президенті Дәулет Әлмұрат.
Айта кетейік, бұған дейін елордадағы отшашуға қатысты қарсы пікірін Димаш Құдайберген жеткізген болатын. Тума талант дәрі-дәрмек пен тыныс алу аппараттарына ақша жетіспей жатқанда, бұл шараны ұйымдастыру мүлдем орынсыз болды деп есептейді.
Оған қоса, Алтынай Жорабаева да бұл шулы тақырыпқа қатысты өз ойын айтты. Ол отшашуды қазақстандықтардың көңілін көтеру және дәрігерлердің құрметіне жасағанын айтқан әкімдік өкілдеріне шүйлікті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864302-otsasu-bizge-kerek-emes-belsendiler-elorda-kimdigin-sotka-berdi/