Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өткен аптада өмірден өткен танымал журналистердің есімі белгілі болды (фото)

Жарияланған күні:

Өткен аптада коронавирус пен пневмония ақпарат саласының бірқатар қызметкерін жалмады. Көз жұмғандардың арасында есімі елге танылғандар бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

7 шілде күні еліміздегі баспа және полиграфия саласына үлкен үлес қосқан Әлібек Наурызбаев дүние салды. 

"Қазақстан баспа жəне полиграфия саласы қайғыдан қара жамылды. Ұлт тарихын тасқа жазып қалдырудың шебері, еліміздің беделді баспаларында ізі қалған, "Қазақ университеті", "Экономика", "Ұлағат" секілді баспалардың бас директоры қызметін атқарған, кітап ісіндегі еңбегі ұшан-теңіз Əлібек Наурызбаев келместің кемесімен кетті. Жан баласына жамандығы жоқ абзал досым, адал бауырым, кеше ғана күліп "Алаңдама!" деп едің-ау, Арысым! Бақұл бол, Əлібегім..! - деп жазды Дәрмен Смайыл Facebook парақшасында.

Көп жылдар бойы "Егемен Қазақстан" газетінде қызмет еткен журналист Сырымбет Кәрімұлы өткен аптада қайтыс болды.

"Сырым, жан адамға жазығың жоқ, інім-ай. Тәуір боп қалды деп еді. Әлгінде телефон соғып едім, біреу өшіріп тастады. Қолы тимей жатыр ма десем...Осындай болыпты...Бақұл бол, бауырым", - деді Заманбек Әбдешев

"Алматы Ақшамы" газеті мен "Зерде" журналында көп жыл бойы еңбек еткен қаламы қарымды журналист Әшірбек Амангелді өмірден өтті.

Қаралы хабарды ақпарат саласының қызметкері Төребек Байтасов жеткізді.

Сонымен қатар, ол "Оңтүстік Қазақстан" газетінің маманы Үмітхан Алтаеваның да дәм-тұзы таусылғанын әлеуметтік желіде жариялады.

Пневмониядан "Кәсіпкер" журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменова да келместің кемесіне кетті.

Қазақстанның құрметті журналисі Айдос Шөкіш те о дүниеге аттанды. Қаралы хабарды тілші Жаңалық Ахаш желіде жеткізді.

Сұм ажал жамбылдық журналист Есенгелді Төреқұлды да алып кетті.

"Жамбыл журналистикасының жампозы, газет, радио, телеарнаны қатар тізгіндеген, саналы ғұмырын БАҚ саласына арнаған ақсақалымыз, талай шәкірт тәрбиелеген ұстазымыз, үлкенге де, кішіге де Есаға атанған Есенгелді Төреқұл бақилық болды", - деді Жасұлан Әбдіхалық.

Сондай-ақ, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әскербек Рахымбекұлы ағамыз 78 жасында бақилық болды.

Қаралы күнде тағы бір журналист Мира Мұстафина қауіпті дерттен көз жұмды. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы "Литер" газетінде жұмыс істеген.

Еске сала кетсек, коронавирус індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты кеше Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864805-tken-aptada-mirden-tken-tanymal-zurnalisterdi-esimi-belgili-boldy-foto/