"Жағдайы нашарлап қалды": 42500 алғысы келген танымал жұлдыздар кімдер
Жарияланған күні:
Отандық телеарна 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш берген өнер иелерінің есімдерін атады. Олардың арасында есімі ел арасында кеңінен танылған эстрада жұлдыздары да бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, 42500 теңгеге өтінім берген әртістердің арасында танымал әншілер Қарақат Әбілдина, Бағлан Әбдірайымов, Серікбол Сайлаубек, Дидар Кәден, сазгер Сара Жүнісбек, актер Дәурен Айдарқұлов, "Алашұлы" тобының бұрынғы мүшесі Әзімбек Байлин мен өнердегі басқа да әріптестері бар.
"Бәйтерек" тобының әншісі Ерлан Малаев өнер иелерінің бұндай қадамға баруының өзіндік себебі бар екенін айтты.
"Бір күнде қанша ақша кетеді, соны 3-4 айға бөліп тастасаң, біраз өнер адамдарының жағдайы нашарлап қалды. Сондықтан ешқандай ұялмай ақ, олар да үкіметтің берген көмегін көру керек деп ойлаймын. Оның ешқандай ыңғайсыздығы жоқ", - деп түсіндірді ол.
Осы орайда қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы әншілердің әлеуметтік төлемге өтінім беруін "шын мұқтаж адамның қазанына қол салу" деп түсінетінін жеткізді.
"Шын мұқтаж адам ала алмай қалған, шын мұқтаж адамның жағдайы жоқ бірақ әншілердің алуы мен үшін ұят сияқты. Олардың бәрінің бір-бір басына керемет үйлері бар, бір-бір басында қанша көліктері бар, мақтанып инстаграмда неше түрлі жазады, сөйтіп отырғанда халықтың асына қол сұғу ол мен дұрыс емес деп ойлаймын", - деді ол.
Тұрар Саттарқызы әншілердің карантинде ақшасыз қалғандарына қанша айтса да сенбеймін деп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін премьер-министр Асқар Мамин үкімет отысында шілде айында әлеуметтік жәрдемақы кімдерге берілетінін айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866378-zagdajy-nasarlap-kaldy-42500-algysy-kelgen-tanymal-zldyzdar-kimder/