Өкпені жасанды желдету аппаратын өндіретін отандық компаниямен келісім неге бұзылды
Жарияланған күні:
Атырау облысының әкімдігі өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мен "ОралМедРегион" ЖШС арасындағы 45 жасанды желдету аппаратын жеткізуге қатысты келісімшарттың неге бұзылғанын түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
2020 жылдың 21 шілдесінде Қаржы министрлігінен Атырау облысының әкімдігіне елдегі медициналық ұйымдарға жасанды желдету аппараттарын сатып алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлініп жатқаны туралы ақпарат түседі.
Онда әрқайсысы 8 миллион 900 мың теңге тұратын 63 жасанды желдету аппаратын Атырау облысына жеткізу жоспарланған. Ал "ОралМедРегион" ЖШС-нің Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасымен жасалған келісімшарты бойынша әр жасанды желдету аппаратының құны - 13 миллион 285 мың теңгені құрайды.
Жоғарыда аталған келісімшарт бойынша жалпы сомасы 597 миллион 825 мың теңгеге 45 аппаратты сатып алу жоспарланған. Бір жасанды жеделдету аппараты бағасының айырмашылығы - 4 миллион 385 мың теңге. Яғни бұл үкімет резерві есебінен сатып алынатын құрылғылардың бағасынан 50 пайыз қымбат. 8,9 млн теңгенің 45 жасанды желдету аппаратын сатып алу бюджет қаржысынан 197 млн 325 мың теңге үнемдеуге, оған қосымша 22 сондай аппарат алуға мүмкіндік береді"-, деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қаржы министрлігінің жоғарыда көрсетілген ақпаратын алғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайларды ескере отырып, "ОралМедРегион" ЖШС-нің қазынашылық органдарда 2020 жылғы 21 шілдеде тіркелген келісімшартты бұзу туралы хат жолдаған.
Айта кетейік, елде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1687 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 78 486-ға жетіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1866628-kpeni-zasandy-zeldetu-apparatyn-ndiretin-otandyk-kompaniamen-kelisim-nege-bzyldy/