Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай құттықтаулар келіп түсуде
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің президенттері мен халықаралық ұйымдардың басшыларынан құттықтау хаттары мен жеделхаттары келіп түсуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
![Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай құттықтаулар келіп түсуде Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай құттықтаулар келіп түсуде](https://cdn.nur.kz/images/1120/3b5d9a1fb6509712.jpeg)
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы достық пен бауырластықты, сауда-экономикалық, әлеуметтік, рухани-ағартушылық бағыттағы қатынастарды, сондай-ақ, халықтарымыздың ортақ сын-қатерлерге қарсы күрестегі ынтымақтастығын жан-жақты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өткен.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков екі ел халқының мүддесі үшін Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік, достық, одақтастық және тату көршілік байланыстар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірлесе отырып, Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталған өзара ықпалдастықты жан-жақты ілгерілетуге ниетті екенін жеткізген.
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, бақыт және оның қолға алған барлық бастамалары мен игі істеріне табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өзінің құттықтау хатында «Жеке өзімнің және халқымның атынан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қазір бастан кешіріп жатқан қиын-қыстау кезеңде бізді біріктіретін осы қасиетті мерекеде Сізге зор денсаулық, бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке тілеймін», – деп жазған.
Мемлекет басшысын Құрбан айт мерекесіне орай құттықтап, жылы лебіз білдірген құттықтау жеделхаттарын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Хасан Рухани, Египет Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси, Иордания Королі II Абдалла, Бахрейн Королі Шейх Хамад бен Иса Әл-Халифа, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Марокко Королі VI Мұхаммед, Алжир Президенті Абдельмаджид Теббун, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Палестина басшысы Махмуд Аббас пен Филиппин көшбасшысы Родриго Дутерте, сондай-ақ, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмад Әл-Осеймин, ИСЕСКО-ның Бас директоры Салим М.Әл-Малик, Кавказ Мұсылмандары Басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің теңтөрағасы, шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-заде жолдады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867611-tokaevty-atyna-krban-ajt-merekesine-oraj-kttyktaular-kelip-tsude/