Коронавирустың екінші толқыны: Отандық сарапшылар ел экономикасына қатысты болжаммен бөлісті
Жарияланған күні:
Ел үкіметі коронавирус індетінің екінші толқынына дайындалып жатыр. Өйткені ғалымдар күзде инфекцияның қайтадан өршуі мүмкін екенін айтады. Премьер-министр Асқар Маминнің өзі дәрі-дәрмек қоймасына барып, екі айға жететін қорды тексеріп қайтты. Ал Covid-19-дың екінші толқыны қаншалықты қауіпті болады? Індет ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатына қалай әсер етеді? Осы және басқа да сауалдарға белгілі отандық экономистер жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Еліміздің негізгі кіріс көзі – мұнай. Аталған шикізаттың әлемдік бағасы төмендесе, бюджет кірісі азаятындығы белгілі.
Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рашид Жақсылықов қазірдің өзінде бюджетке тым аз қаржы түсіп жатқанын мәлім етті.
Оның сөзінше, індеттің екінші толқыны басталып, тағы карантин шаралары енгізілсе, онда бүкіл экономика құлдырайды.
"Біз екі нәрсені тілеп отырмыз. Біріншісі, осы пандемияға қарсы вакцина тезірек шықса екен дейміз. Сол уақытта адамдар бұрынғы өміріне қайта оралады. Екіншісі, "мұнай бағасы құламаса екен" деп тілеудеміз. Себебі екінші толқын жүріп, тағы да жабылатын болсақ, мұнай саласы ғана емес, бүкіл экономика құлдырайды", - дейді Жақсылықов.
Ал экономист Мақсат Халық болса жыл соңына дейінгі экономикалық жағдайға қатысты әртүрлі жорамалдар бар екенін жеткізді. Оның ішінде негативті болжамдардың көп екенін жоққа шығармады.
"Ел экономикасы минусқа кетеді деп жатыр. Өткенде ұлттық экономика министрлігінің өзі ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 0,9 пайыз деп айтқан. Халықаралық валюта қоры минус 2,5 пайызға, ал Дүниежүзілік банк минус 3 пайызға дейін түседі деп отыр. Демек отандық экономика 1990 жылдары болған жағдайды бастан кешеді", - дейді сарапшы.
Ол төтенше жағдай кезінде крезиске қарсы бағдарламаның қабылданғанын да еске салды. Маманның сөзінше, экономикаға қыруар қаржы құйылған. 42 500 теңге таратылып, несиенің төлемдері шегерілген. Алайда пандемияның екінші толқыны болса, қосымша шараларды қолға алуға тура келеді.
"Мысалы, қазір кредиттің мерзімін ұзартқан халық та, компаниялар да қолына жаңа төлем кестесін алып отыр. Ол жерде уақыттың ұзаруына байланысты сыйақы мөлшерлемесі мен проценті ұлғайған. Көбісі соған наразы. Себебі төлейтін ақшасы көбейіп отыр. Сондықтан мемлекет кредиттің үстіне қосылған сыйақының мөлшерін толығымен жауып беруі керек деп ойлаймын", - дейді Мақсат Халық.
Сарапшы індеттің екінші толқынына дейін ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру керек деп санайды. Өйткені қазіргі төлем инфляцияның деңгейіне, экономикалық жағдайға да сәйкес келмейді.
"Біздің есебіміз бойынша ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден жоғары болуы тиіс. Сондай көлемде төленуі қажет. Негізі бас кезінде ондай төлемді барлық азаматқа беру керек еді деп ойлаймын. Ондай мүмкіндік бар. Иә, бюджет біраз шығынға бататын еді. Бірақ ондай кезде халықтың төлем қабілеттілігі сақталады. Жиынтық сұранысты түсіріп алмайтын едік", - дейді экономист.
Мақсат Халық бүгінде кәсіпкерлердің көбісі банкротқа ұшырап жатқанын да атап өтті. Себебі халықта олардың тауарлары мен қызметтерін пайдаланатын қаржы жоқ, дейді.
"Күзде жағдай қайталанса, 42 500 теңге ел тұрғындарына тағы төленуі керек. Алайда менің ойымша, ол қаржы аздық етпек. Себебі ақша құнсызданды, азық-түлік бағасы көтерілді. Сол себепті осы төлемнің мөлшерін арттыру қажет", - дейді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, премьер-министр Асқар Мамин бұған дейін үкіметтің онлайн отырысында күзде туындауы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болуды, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыруды тапсырған болатын.
Кеше ол Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барып, онда коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және еліміздің денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868386-koronavirusty-ekinsi-tolkyny-otandyk-sarapsylar-el-ekonomikasyna-katysty-bolzammen-blisti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.