Белоруссияда президент сайлауы өтіп жатыр: Минскіге әскери техника тартылды (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 9 тамызда Белоруссияда президенттік сайлаудың негізгі күні өтіп жатыр. Мемлекет басшысы лауазымына сайлауға 5 үміткер түсіп отыр, оның қатарында соңғы 26 жыл бойы ел басқарып келе жатқан Александр Лукашенко да бар. Қазіргі уақытта әскери техникалар ел астанасына жеткізіліп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
РИА Новости хабарлағандай, шамамен 6,8 миллион белоруссиялық үміткерлерге дауыс бере алады деген болжам бар, ел аумағында 5,7 мыңнан астам сайлау учаскелері қойылған, елден тыс жерде жүргендер дауыс бере алуы үшін учаскелердің 40-тан астамы өзге елдерде орналасқан.
Сайлау өткізілді деп танылуы үшін тізімге енгізілген азаматтардың 50%-дан астамы қатысуы керек. Президенттік жарыстың жеңімпазы жалпы дауыс санының кем дегенде 50%-ын жинауы керек. Басылым биыл сайлау екі кезеңмен өткізілуі мүмкін деп топшылайды, мұндай жағдай Лукашенконың алғашқы жеңісінен бері, яғни 26 жыл бойы болмаған.
Әзірге әлеуметтік желі пайдаланушылары Беларусьтің бас қаласынан түсірілген кадрлармен бөлісіп жатыр. Минск көшелерінде әскери техникалар пайда болды. Ел астанасының бірнеше алаңдарына қоршаулар қойылды.
Белоруссия Ішкі істер министрлігінің құқық қорғау департаменті "Беларусь 1" телеарнасының тілшісіне түсіндіргендей, сайлау кезінде құқық қорғау қызметі қарқынды режимде жұмыс істейді. Қызмет басшысы сайлау учаскелері тәулік бойы күзетілетінін айтып, ал белоруссиялықтардан заңда белгіленген қоғамдық тәртіпті сақтауды сұрады.
"Әйтпесе, полиция қызметкерлері заңмен берілген барлық құқықтар мен өкілеттіктерді пайдалана отырып, дереу әрекет етуге мәжбүр болады", – деп мәлімдеді құқық қорғау департаменті басшысы.
Ал, "Московский комсомолец" сайлау күні ел астанасында интернет, ұялы байланыс және тіпті қалалық телефондар жұмыс істемейді деп хабарлайды.
Ресми түрде елорда тұрғындарына бұл туралы хабарланбаған, бірақ қонақүй жұмысшылары мен ұялы байланыс операторлары өз клиенттеріне 9 тамызда Интернетке қосыла алмайтындығын немесе біреуге қоңырау шала алмайтындарын ескертіп жатыр.
Айта кету керек, сайлауға түскендер тізімінде Александр Лукашенкодан бөлек, парламенттің экс-депутаты Анна Канапатская, "Белоруссия социал-демократиялық Громада" партиясының көшбасшысы Сергей Черечен, "Говори правду" қозғалысының көшбасшысы Андрей Дмитриев және саясаткер Светлана Тихановская бар.
Саяси сарапшылардың көпшілігі 26 жылдан бері билікте отырған Лукашенконың жеңісі алдын ала шешіліп қойылған деген сенімде.
Еске салсақ, Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстанмен экономикалық және өнеркәсіптік байланысты дамытудың маңыздылығы жайлы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген уәдесін мәлім еткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868714-belarussiada-prezident-sajlauy-tip-zatyr-minskige-skeri-tehnika-tartyldy-video/