"Ұлт ұстазы ұлықталған күн": Жамбылдықтар Абай күнін атап өтті
Жарияланған күні:
Жамбылдықтар ұлы ойшыл, дана білгір, адамзаттың асқары, ұлттың ұстазы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы жалпыхалықтық сипат алған, барша халқымыз үшін мәні терең, мәртебесі биік мереке.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 4 тамыздағы қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіндегі "Абай – рухани реформатор" мақаласында "Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға" деп, айрықша құрметін білдірді.
Айтулы күнді Жамбыл облысында да Абайдың "қалың елі, қазағы" барша қауым болып атап өтті.
Әлеуметтік желілерде өңірдің жасы да, жасамысы да ұлы тұлғаның өшпес өсиетпен өрнектелген өлеңдерін жарыса жатқа оқыса, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары мен белсенділердің құттықтау-лебіздері толассыз айтылуда.
Соның жарқын көрінісі ретінде зиялы қауым өкілдерінің атынан Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Хамит Есаман, жас ақын Нұржан Қадірәлі облыс орталығы жұртшылығының атынан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкім рухына тағзым етті.
Абай ескерткішінің маңына кітап көрмесі қойылып, ақын шығармаларынан радиоконцерт берілді.
Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген "Ғылым таппай мақтанба" атты Абай шығармашылығына арналған онлайн байқауы қорытындыланып, бейнелеу өнері, поэззия, ақынның әндерін орындау сынды өзге де аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен бірге, өзге этнос өкілдері арасында "Жүрегіңнің түбіне терең бойла" атты онлайн поэзия кеші, жастар арасында "Өлең сөздің патшасы" атты Абай әндерін орындаудан онлайн байқау, "Абайтану ғылымдары" атты конференция, "Поэзия минуты" тақырыбында жастар арасында челлендж ұйымдастырылды.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінде "Абайтану" орталығы ашылды.
Әдеби орталықтан ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген мағлұматтар табуға болады. Ақынның атымен аталатын білім ошағында Абай өлеңдерінің әлем тілдеріндегі тәржімалары, белгілі абайтанушылардың, филологтар мен жазушылардың еңбектері, электрондық және музыкалық басылымдар, кемеңгердің шығармалары қамтылған. Ең бастысы орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен, тың материалдармен толықтырылып отырмақ.
Абай мұраларында барша халықтың болмысы мен бітімі, тұрмысы мен тіршілігі, діні мен ділі, мінезі мен рухы жатыр.
Абайдың өз заманында жазған еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі мен құндылығын жоғалтпай, жанданып келеді.
Абай Құнанбайұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, оның есімін ұлықтау – баршамыздың ортақ мақсатымыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1868882-lt-stazy-lyktalgan-kn-zambyldyktar-abaj-knin-atap-tti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.