Баласының өліміне дәрігерлерді кінәлаған алматылық келіншек жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

бала
Көрнекі фото: pexels.com

Алматылық Иван Михалкин 2019 жылдың 9 желтоқсанында жедел жәрдемнің кеш келуі, дәрігерлердің емді қате тағайындауы мен диагноздың дұрыс қойылмауы салдарынан үш жасында көз жұмған. Осыдан кейін 2020 жылдың 9 қаңтарында бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық іс басталған. Алайда баланың анасы тексеріс нәтижесіне көңілі толмайтынын ашық жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Аzattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.

"Іс әлі күнге дейін сотқа жолданбады. Тергеуші мамырда қағаз жүзінде медициналық сараптама жасау туралы қаулы шығарды. Күйеуім өткен жұма АІІБ-ге барды, сараптаманың қағазы тергеушіге әлі күнге дейін келмеген. Олардың мамыр айынан бері нені зерттей алмай жатқаны белгісіз. Аурухана тергеу басқармасынан 5-10 минуттық жерде ғана орналасқан. Кімді тергеуге алып жатқаны, қандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны да белгісіз. Қылмыстық іс қаңтарда ашылғанымен, оны қарау наурыз айында басталды", - дейді марқұмның анасы Анна Михалкина.

Оның сөзінше, ұлы үш күн бойы ветрянкамен ауырып, денесінің қатты ауырып тұрғанына шағымданған. Алайда дәрігерлер балаға көмек көрсетуге асықпаған, дейді әйел.

"5 желтоқсан күні оның дене қызуы көтеріліп, біз ветрянканың алғашқы белгілерін байқай бастадық. Таңертең әкесі жедел жәрдем шақырды. Денесіне "зеленка" жағып қойдық, ол шауып ойнап жүрген. Сосын ұлым аяғы ауырып тұрғанын білдірді. Содан әкесі оны алып, Жамбыл аудандық амбулаториясының дәрігеріне барған. Дәрігер ем тағайындағаннан кейін, баламыздың жағдайы жақсарғандай болды. Біраз уақыт өткен соң ол әкесіне қолы ауырып жатқанын жеткізген. Ал мен ол уақытта жұмыста болдым. Бұл 11 желтоқсан күні болатын. Содан соң жедел жәрдем шақырдық. Медбике "Ибуфен" тағайындап, кетіп қалды", - деді алматылық келіншек.

Анна 12 желтоқсан күні Иван қатты мазасынданып, дегбірі қашқанын айтты. Оның сөзінше, ауруы асқынған ұлы біресе әкесінен шәй сұраған, біресе төсекке жатқызуды өтінген. Бұл жағдай 12 желтоқсан, күндізгі сағат 15:30-да болған.

"Күйеуім маған ұлымыздың оң қолы ісіп кеткенін айтып, қоңырау шалды. Содан мен тағы жедел жәрдем шақыру керек екенін айттым. Біздің үйден Қарасай аудандық ауруханасына 10 минутта жетуге болады. Жарты сағаттан кейін жедел жәрдемге тағы хабарластым. Олар "бос бригада жоқ" екенін айтты. Мүмкін, біз бір аптада үш рет жедел жәрдем шақырған соң, асықпаған болар. 17.30-ға қарай жедел жәрдем көлігі келіп, бізді ауруханаға алып барды. Әкесі бірге барды.

Иванның қолы күп болып ісіп кеткен. Дәрігерлер оған тыныштандыратын екпе салып, тамырынан қан алып көрмек болған. Осы уақыт аралығында ұлым байыз таппай, бір орында отыра алмапты. Осыдан соң жас жігіт келіп: "Сіздерге жедел жәрдем шақырдық, ГРЭС-тегі (Алматы облысы Өтеген батыр ауылындағы аймақтық балаларға арналған клиникалық аурухана) ауруханаға апарамыз" деген. Жедел жәрдемді кемі 30-40 минут күткен.

Бұл кешкі сағат сегіздің кезі еді. Қаскелеңнен Өтеген батыр ауылына жету үшін жедел жәрдем көлігі жарты Алматыны айналған. Балалар ауруханасына келген кезде, ұлымыздың "қолы қарайып, беті сарғайып кеткендей болды" деді әкесі. Ең өкініштісі, ол әкесімен қоштасып үлгерген. Ал мен тіпті, баламмен қоштаса да алмадым. Ұлымды жансақтау бөліміне алып бара жатқанда ол әкесіне: "Мен сені жақсы көремін" деп айтыпт", - дейді Анна көзіне жас алып.

Аймақтық балалар клиникасында дәрілер болмаған. Сондықтан, олар баланың ата-анасынан дәріханадан 0,1% левомицитин әкелуді сұрапты.

"Күйеуім бірден дәріханаға бармақ болған. Бірақ оған «Ұлыңызға ота жасағанын қаласаңыз, келісім қағазына қол қойыңыз» деген. Қобалжып тұрған күйеуім ештеңені оқымастан, қолын қойған.

Осы кезде ауруханаға мен де жеттім. Екеуіміз дәріхана аралап кеттік. Бір кезде белгісіз нөмірден қоңырау шалынды... ер адамның даусы: "Сіздермен реанимацияның бас дәрігері сөйлескісі келеді" деді. Ауруханаға келіп, палатаға жүгірдік. Дәрігерлер: "Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық" деді. Жансақтау бөліміне кірдік, ол менің Иваным емес еді. Оның еріндері қара-көк болып кеткен, мұрнында қатқан қан. Таңертең ғана мені ұлым жұмысқа шығарып салды, кешке мен оның өлі денесін көрдім. Бұл қалай болғаны?!", - дейді Анна Михалкина.  

Басылым мәліметінше, Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық академиясының профессорлары мен медицина ғылымдарының докторлары жүргізген тексеріс нәтижесі баланың өліміне дәрігерлердің біліксіздігі себеп болғанын көрсеткен протоколдар мен актілерді ұсынған.

Сарапшылардың пікірінше, вирустық жұқпа кезінде Рея синдромының әсерінен баланың бас миы ісініп, нәтижесінде уытты жедел энцефалопатия асқынған.

Осы орайда Иванның анасы ұлының өліміне қатысты тексеріс нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтты.

"Құжаттарда өлімге Рея синдромы себеп болған делінген. Біз бұл ауру туралы көп оқыдық және ұлымыздың бойында байқалған симптомдар сәйкес келмейді. Ваня Рея синдромы сипаттамасындағыдай жүрегі айнып, құсып, есінен танған жоқ.  Дәрігерлерге тағайындалған жазаға келсек, кейбірінің қызметін төмендеткен, енді біреулеріне сөгіс жариялаған. Ұлымыз дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды және олар тек сөгіспен құтылып кетпекші ме? Білетініміз, әлі күнге дейін медициналық сот-сараптамасы жүргізілуде. Біз істі осылайша созып, дәрігерлер жазасыз қала ма деп қорқамыз", - деді Анна.

Иван Михалкиннің өліміне қатысты ашылған істің не себепті осы уақытқа дейін сотқа жолданбағанына қатысты Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. 

"9 қаңтар күні Іле аудандық балалар ауруханасынан полицияға Михалкин Иван Александровичтің өліміне қатысты хабар түскен. Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалды. Кей сараптама қорытындысының нәтижесі шықты, кейбірі шыққан жоқ.

Бұл іс мамыр айында Қарасай аудандық полиция бөліміне жолданды. Қазір тағы да бірқатар қосымша сараптамалар тағайындалды. Іс Қарасай ауданына жіберілген кезде, істі қарау мерзімі созылған. Нақты шешім сараптама қорытындысы шыққан кезде ғана қабылданады", - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Ақбота Қуанышбекқызы.

Еске сала кетсек, осыған дейін алты жасар қызы көз жұмған алматылық келіншек жанайқайын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1869403-balasyny-limine-drigerlerdi-kinlagan-almatylyk-kelinsek-zanajkajyn-zetkizdi/