Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күйеуі кепілге алған оралдық келіншек тоғыз айдан кейін алғаш рет сұқбат берді

Опубликовано:

фото
Көрнекі фото: pexels

Орал қаласында өткен жылдың қараша айында қолына қару, гранат ұстаған ер адам нотариус болып жұмыс істейтін әйелін кепілге алып, тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызған болатын. Сол уақытта құқық қорғау қызметкерлері 6 сағат бойы келіссөздер жүргізіп, жәбірленушіні құтқарған еді. Осы оқиғадан тоғыз ай өткен соң кепілге алынған Ираида Исламғалиева алғаш рет сұқбат берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Ираида Исламғалиеваның жұмыс орнында болған. Нотариус кеңсесіне баса-көктеп кірген күйеуі оны кепілге алғанын жариялайды.

"Үйден шығып, серуендеп жүрдім. Нотариус жақтан шу шығып жатқанын байқадым. Жігіт әйелді қолымен қысып ұстап, қазір бәрін жарып жіберемін деп айқайлады", - дейді сол күнді есіне алған оқиға куәгері Ерболат.

Ер адам 100 мың доллар, кейін инкасатор көлігін, тіпті ұшақ беруді талап еткен екен. Тәртіп сақшылармен жүргізілген ұзақ келіссөздер нәтижесінде ол көндігіп, жаралы әйелін босатуға келіскен. Кейін анықталғандай, қолындағы граната да жасанды болып шыққан.

"Сол күнгі оқиға менің отбасылық өмірімнің тек бір сәті ғана. 2,5 жыл бойы тозақта болдым десе де артық емес. Қазір жолдасым абақтыда. Меніңше, ол өз орнын тапты", - дейді Ираида Исламғалиева.

Оның сөзінше, қылмысқа барған күйеуі ауқатты адам. Қарудың түр-түрін жинауға қызыққан екен. Ираида жұбайының отбасын құрған күннен бастап, қысым көрсете бастағанын да айтты.

"Сен заңгерсің ғой. Неге ажырасып кетпедің деп сұрайды көпшілігі. Адамның мамандығы ештеңені шешпейді. Үйленбей тұрып біз жарты жыл кездестік. Түзу жігіт болып көрінді", - дейді ол.

Ираиданың бірінші некеден екі баласы бар. Абақтыға қамалған екінші жолдасы қит етсе, сол балаларың жапа шегеді деп қорқытатын көрінеді.

"Ойлап көріңіз, Ираиданың астанада тұратын ағасына да қысым жасалған. Ата-анасы да кез келген уақытта оққа ұшуы мүмкін еді. Ал балаларға қатысты жасалған әрекет бойынша бөлек баппен іс қаралып жатыр. Оны түрме де тоқтата алмайтын секілді көрінеді", - дейді "Немолчи" қорының төрайыма Дина Смаилова.

Телеарна мәліметінше, енді әйеліне қару кезенген азамат 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот қазір жабық түрде өтіп жатыр.

Сонымен қатар Ираида өзіне қатысты екі мәрте қастандық жасалғанын да жеткізді. Сот процессі кезінде де әрекет қайталануы мүмкін деп қауіптенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870146-kjeui-kepilge-algan-oraldyk-kelinsek-togyz-ajdan-kejin-algas-ret-skbat-berdi/

pixel