Полицейлер жұрттан тәркіленген қаруды сатумен айналысқан
Жарияланған күні:
Алға қаласында полиция қызметкерлері жұрттан жинап, тәркілеген қаруды өздері сатқан.
Осыдан екі ай бұрын 25 сәуірде 18 жасар бір жігіт қаза тауып, екі адам жарақат алған қарулы қақтығыс кезінде сол қару жастар қолында жүрді. Қаза тапқан жас жігіттің туыстары қару таратып, атысты ұйымдастырған адамды жауапқа тарта алмай жүр.
Осыдан екі ай бұрын Алғада 7 жігіт қосауыз шолақ мылтықпен, тапаншамен қаруланып, бір үйде жиналып отырған оншақты баланы оқтың астына алған болатын. Қарша жауған оқтан 18 жасар Әлібек қаза тауып, екі жасөспірім ауыр жарақат алған еді. Қаза тапқан Әлібектің туыстарының айтуынша сол қанды қырғынға жауапты, жас жігіттерге қару таратып берген адам қамауға алынбаған, бостандықта жүр.
Жұмагүл Имамурзина, Әлібектің анасы:
- Балалардың қолына мылтық беріп, атыңдар деген сол Жеңістік Шотаев болмағанда, менің балам тірі болатын еді. Телефондарын тартып алмақ болған "Шотаевтар бандасынан" қашып, Әлібек достарымен бір үйде тығылып отырған екен. Ал Алға қаласында тұрғындарды бір уыста қорқытып ұстайтын " Шотаевтар бандасы" өздеріне бағынбағандарды осылай қарудың күшімен "тәртіпке" шақырмақ болған,- дейді.
Эльвира Өтегенова, жапа шегуші жақтың адвокаты:
- Атыс 25 сәуір күні болады. Тек 5 мамыр күні Әлібекті атқан Бағдат Шотаевты қамады. Ал қылмыстың басында тұрған , қаруды әкеп, таратып берген оның әкесі Жеңістік Шотаевты қамата алмай жүрміз. Қолымызда барлық материал бар. Куәлердің сөзі бар.
Атыс болған үйдің қожайыны Жеңістік Шотаевтың қара сөмкемен қаруларды әкеліп, таратып беріп жатқанын көзімен көріп, атыс басталғанда қашып кеткенін айтты. Алайда, неге екені белгісіз, куәлердің көрсетуі негізге алынбай отыр.
Қорғаушы ретінде Шотаев бандасының екі мүшесін тергеуді талап еткенмін. Өйткені, солардың өздері бұл атыстың алдын-ала жоспарланғанын, жиналып, дайындалғандарын айтады. Алайда, құқық қорғаушылар Жеңістік Шотаевты қамауға алуға негіз жоқ деуден танбайды.
Әлібектің ағасы Айдар Сапаров:
- Әлібекті көздеп атқан Бағдат Шотаевтың өзін біз айқай-шу шығарған соң қамады. Полиция қызметкерлері атқандарды емес, қарусыз отырғандарды қамады. Шотаев бандасындағы 4 бала атысқа қалай дайындалғандарын бәрін айтып берді.
Жеңістік Шотаевтан қорыққаннан бандада жүрдік, айтқандарын жасадық дейді. Жастықпен білместікпен барғандарын айтып, қылмыстарын мойындап отырса да , оларды ешкім жауапқа тартқан жоқ. Осы куәлердің сөздері негіз болмай, ең бастысы өз балаларын қылмысқа итермелеп, қарақшылық топты басқарып жүрген адам бостандықта жүр. Жазықсыз адам қамап тастады,- деп ашынады.
Банданың ішінен 3 бала қару алып, атысуға келгендерін толық мойындап отыр. Бірақ екі айдан бері полиция оларды қамамаған.Тек күдікті ретінде екеуін ғана қамаған. Оның бірі-қаза болған баланы көздеп атқан жасөспірім Бағдат Шотаев екен. Ал екіншісі кездейсоқ, осы үйде отырған інісін алып кетуге тап болған адам дейді оқиғаның басы-қасында болғандар. Атысқа тап болып, аяғынан жараланған екен.
Банданың ішінен 3 бала қару алып, атысуға келгендерін толық мойындап отыр. Бірақ екі айдан бері полиция оларды қамамаған.Тек күдікті ретінде екеуін ғана қамаған. Оның бірі-қаза болған баланы көздеп атқан жасөспірім Бағдат Шотаев екен.
Мейрамбек Әлиев, банда мүшесі
- Біз өз кінәмізді, үйге келіп мылтықпен атқанымызды мойындаймыз. Ал қазір қамауда отырған Бекболат деген кісінің еш кінәсі жоқ. Ол бізбен атысуға келген жоқ.
Сәндібек Айсұлтан, банда мүшесі:
- Кеш болса да осындай қылмыс жасағанымызды енді түсініп жатырмыз. Жастықпен, білместікпен қате жасадық. Бірақ, біздер ештеңені жасырмай, шындықты айтып бердік. Мойындаймыз. Жазықсыз қамалғанды босатсын дейміз.
Лена Едрисова, қамалған Бекболаттың жұбайы:
- Менің жолдасым Бекболатқа қонақта отырған жерінде Ерлан қоңырау шалып, соны алып кетуге барған еді. Ол үйге кіргенде атыс басталып, аяғынан жарақаттанады. Сөйтіп, қазір атысты бастағандар емес, Шотаевтардың көрсетуімен менің жолдасым жазықсыз қамауға алынды., Соны дәлелдей алмай жүрмін, - дейді.
Айдың күні аманында атысуға келген Шотаевтар бандасы жоюға жіберілген жұрттан жиналып, тәркіленген қарулармен қаруланыпты. Ең масқарасы осы. Өйткені, қаза тапқан баланың туыстары "полиция қызметкерлерінің өздері оны сатып жіберген, енді міне бастары піспей қалған жастардың қолына түсіп, ақыр соңы кісі өліміне ұласты", - деп отыр.
Тәркіленген қаруларды жоюмен айналысқан Аслан Құлназаров деген аудандық ішкі істер қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғандығын да біледі екен. Бұл және атысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс қазір облыстық Ішкі істер департаментінің қарауына берілген.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев қазір қанды оқиғаға қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқандығын алға тартады. Істің ақ-қарасы анықталмағандықтан бірдеңе деп кесіп айтуға әлі ерте дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/187039-policzejler-zhyrttan-terkilengen-karudy-satumen-ajnalyskan/