Білім министрлігі: Қашықтан оқу кезінде үй тапсырмасы берілмейді
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту кезінде үй тапсырмасынан бас тарту туралы шешім қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл аса маңызды шешім туралы тамыз айында тікелей эфирде өткен жиналыс кезінде айтылмады. Министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова бұл жайлы арнаға берген сұхбатында мәлімдеді.
"Мұғалім оқу тапсырмаларын жариялайды. Яғни, биыл үй тапсырмасы болмайды. Егер мектеп Kundelik.kz-ті қолданса, онда осы платформасындағы бір оқу тапсырмасы болады", – деп түсіндірді Мелдебекова.
Еске салайық, мектеп демалыстарының соңғы күндерінде, яғни 25-28 тамыз аралығында қашықтан бірыңғай сабақтар өтетінін мәлім еткен болатын.
Сабақ өткен материалды қайталап, жаңа оқу жылына дайындалу үшін 2-11 сыныптар арасында ұйымдастырылады.
2-4 сыныптарға 2-3 сабақ, 5-8 сыныптарға – 3-4 сабақ, 9-11 сыныптарға – 4-5 сабақ өткізу ұсынылып отыр.
Қазақстандағы оқу жылы 1 қыркүйектен басталады. Тарихта тұңғыш рет Білім күні онлайн режимде өтеді.
Айта кету керек, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі балаларға COVID-19 инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін мектептерде қолғап кию керек пе деген сұраққа жауап берген еді.
Оған қоса, денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылы алдында мұғалімдер коронавирусты анықтайтын тест тапсырмайтынын мәлім етті. Себебі ведомство ұстаздарды бір рет тексеруден өткізудің еш мәні жоқ деп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870995-bilim-ministrligi-kasyktan-oku-kezinde-j-tapsyrmasy-berilmejdi/