ЕҰУ-де Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған жиын өтті

Опубликовано:

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

1 қыркүйегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыру және нығайту» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат Институтының директоры Рамазан Сарпеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың, министрліктердің, ведомстволардың, шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, Қазақстан және шет елдердің заңгер-ғалымдары, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияның негізігі мақсаты: қоғамдық сананы жаңғырту аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыру және нығайту.

ЕҰУ-дің  ректоры, академик Ерлан Сыдықов
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған конференцияны ЕҰУ-дің ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашты. Жиынның мәні мен маңызына кеңінен тоқталған ректор халықаралық жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен құттықтап, ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Бүгінгі тақырып өзекті және дер кезінде қозғалып отыр, өйткені ол мемлекеттік басқаруға қатысатын азаматтардың кәсібилігін нығайтып, одан әрі дамыту қажеттілігін көздейді», - деді академик Ерлан Бәтташұлы.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын қорытындылау жылы, сондай-ақ конституциялық құндылықтарды одан әрі іске асыру жөніндегі жаңа шараларды белгілей отырып, болашаққа болжам жасау жылы деп атап өтті.

«Біз қолданыстағы Конституция тұрақтылық рөл атқарды деп нақты айта аламыз. Өйткені маңызды құжат елімізде жүзеге асырылатын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың құқықтық негізіне айналды. Нәтижесінде заманауи және танымал мемлекет құрылды», - деді мемлекет қайраткері.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Роговтың айтуынша, кез-келген мемлекеттің басты міндеті – құқықтық және нақты Конституцияға сай болу, яғни ондағы конституциялық ережелер мен конституциялық құндылықтарды барынша іске асыру.

Рамазан Сарпеков
Фото: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі
«Конституцияның құндылығы неғұрлым мықты болса, оның демократиялық және адамгершілік-құқықтық әлеуеті де соғұрлым толық болады», - деді профессор.

Жиында «Қазақстан Республикасында қоғамдық сананы жаңғырту аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыру және нығайту» ғылыми жобасының жетекшісі, з.ғ.д., профессор Ермек Әбдірасылов, Конституциялық Кеңес Аппаратының басшысы, з.ғ.к. Бақыт Нұрмаханов, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат Институтының конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы, з.ғ.к. Бағдат Нұрғазинов, ЕҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы Жамалладин Ибрагимов және Ягелонн университеті (Краков қ., Польша), Оснабрюк университеті (ГФР), Кристиан Альбрехт атындағы Киль университетінің Шығыс Еуропа елдерінің құқық Институты (ГФР) және Фрибур университетінің профессорлары (Швейцария) сөз алып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ой қозғады.

Қорыта айтқанда, «Қоғамдық сананы жаңғырту аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыру және нығайту» тақырыбы конференция жұмысының негізгі бағыттарына айналды.

Пленарлық мәжіліс соңы секциялық жұмысқа жалғасты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872158-eu-de-kazakstan-respublikasy-konstituciasyny-25-zyldygyna-arnalgan-ziyn-tti/