Жамбыл облысы коронавирустың екінші толқынына дайындалуда

Опубликовано:

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі әлемдік сарапшылар болжап отырған коронавирус инфекцияның екінші толқынына дайындық шараларын жалғастырып жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Тараз қалалық перзентхананың бос тұрған ғимараты инфекциялық аурухана ретінде қайта жабықталып жатыр.

Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүруде. 200 төсектік аурухананы қыркүйек айының ортасына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ Тұрар Рысқұлов ауданында 150 орындық туберкулез ауруханасы жұқпалы аурулар ауруханасы болып қайта ашылған.

Сонымен қатар, Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы облыстық мамандандырылған оңалту орталығындағы 150 төсек, Байзақ аудандық ауруханасындағы 150 төсек, Т.Рысқұлов ауданының туберкулез диспансеріндегі 150 төсек, Шу қалалық ауруханасындағы 200 төсек, Қордай аудандық ауруханасындағы 120 төсек және басқа да аудандық орталық ауруханалардағы 50 төсек есебінен де төсек-орынар саны артып келеді.

Жалпы өңірдегі төсек қоры 2530 төсекті құрайды, оның ішінде 253 реанимациялық төсек бар.

Қазіргі таңда облыстағы жеті зертханада тәулігіне 400-500 ПТР-тестілеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Пандемия басталғаннан бері 110 мыңнан астам сынама алынған.

Ведомсто таратқан ақпаратқа сәйкес, облыстың медициналық ұйымдары 179 ӨЖЖ, 706 оттегі баллонымен, 542 оттегі концентраторымен, 1009 импульстік оксиметрмен, қышқыл-сілті жағдайын анықтауға арналған 14 аппаратпен, 19 сандық рентген, 10 КТ және 7 МРТ қондырғысымен жабдықталған.

ФОто
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қосымша қажеттілікке байланысты ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларына дейін бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 74 ӨЖЖ аппаратын, жеті компьютерлік томографияны, төрт цифрлық рентген аппаратын, сегіз жылжымалы медициналық кешен, төрт оттегі станциясын, екі ЭКМО аппаратын, 61 жедел жәрдем автокөлігін және 100 көпфункционалды төсектер сатып алу жоспарлануда.

"Бірыңғай дистрибьютор стационарлық қамтамасыз ету шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына сомасы 4,3 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізген. Оның 691,45 миллион теңгесі коронавирустық инфекцияның алдын алуға және емдеуге бағытталған. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша стационарларда бір айға жетерлік, амбулаторияларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан", - деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов.
Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пациенттерді тексеруден туындайтын мәселелер бойынша аймақтық дәрігерлердің кеңес беру үшін өңірлік ситуациялық орталық құрылған. Оның құрамына тар бейінді барлық мамандар енген. Орталық жұмысы жедел жәрдем станциясының базасында ұйымдастырылған.

"Облыс бойынша 5000 және одан да көп адамға арналған 214 мобильді әмбебап бригада құрылды. Аудан, қала әкімдіктері оларды көлікпен қамтамасыз етуге қолдау танытты. Жалпы, 4340 медицина қызметкері пандемияға қарсы шараларды күшейту бойынша оқытудан өтті",- деп қорытындылады Мырзақасымов.

Фото
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатқанын хабарлаған едік.

Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының да COVID-19-дың екінші толқынына дайындалып жатқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1872992-zambyl-oblysy-koronavirusty-ekinsi-tolkynyna-dajyndaluda/