Шоңжыда 1,1 миллиард теңгеге салынып жатқан спорт кешені опырылып түсті
Жарияланған күні:
Алматы облысының Ұйғыр ауданында жаңадан салынып жатқан нысан опырылып түсті. Оның неден құлағанын арнайы комиссия анықтайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, спорт кешенінің құрылысы "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында 2019 жылдың қараша айында басталған.
"Нысанның құлауына байланысты арнайы комиссия келіп тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссия қорытындысына сәйкес аталған олқылықтар қалпына келтіріледі", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Құрылысына 1,171 миллиард теңге бөлінген нысан 2021 жылдың қаңтар айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілу керек болған.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Елорданың Алаш тас жолы бойындағы "бүкір көпір" аталып кеткен көпірдің бір жақ шеті опырылғанын жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысында дельтаплан құлап, нәтижесінде бір адам зардап шеккенін хабарлаған едік.
Оқиға 19 қыркүйекте Қарақия ауданында орналасқан Шопан ата қорымына барар жолда орын алған. Бұл туралы Tumba.kz басылымы мәлімдеді.
Ер адамға көмек көрсетуге оқиға орнына құтқарушылар тобы келіп жеткен. Күні кеше облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты дағдарыс жағдайларының басқармасына дельтаплан атты моторсыз ұшатын аппараттың құлағаны жайлы хабарлама келіп түскен. ТЖД мәліметтерінше, дельтапланның құлауы салдарынан 32 жастағы ер адам зардап шеккен. Азамат екі қолын сындырып, жардан өз күшімен шыға алмай қалған.
Оқиға орнынан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бес құтқарушысы шыққан. Ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, альпинисттік жарақтардың көмегімен оны жардан түсіріп, бірден ауруханаға жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1875580-sonzyda-11-milliard-tegege-salynyp-zatkan-sport-keseni-opyrylyp-tsti/