Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустың екінші толқыны басталса, 2,2 миллион адам қиын жағдайда қалуы мүмкін

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов коронавирустың екінші толқыны басталып, елде қатаң карантин жарияланса, 2 миллион 200 мың адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін екенін мәлім етті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Нұрымбетов COVID-19 пандемиясы еңбек нарығына әлі де қатер төндіріп жатқанын жасырмады. Оның сөзінше, елімізде қатаң карантин енгізілсе, 2 миллионнан астам адам қиын жағдайда қалады.

"Егер коронавирустың екінші толқыны басталып, қатаң шектеу шаралары қабылданатын болса, біздің бағалауымыз бойынша, жұмыс істеп жүрген 2 миллион 200 мыңнан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін", - деді еңбек министрі мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Ведомство басшысының пікірінше, министрлік екінші толқын кезінде жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 миллион адам жұмыс режимін сақтап қалады деп болжайды. Негізінен, бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау салалары. Ал 2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы ықтимал.

"2 миллион адамның жұмыс уақыты қысқарады немесе ақылы/ақысыз демалысқа шығады деп болжанып отыр. Бұл бірінші кезекте сауда, көлік және тамақтану қызметі саласының жұмысшылары. Ал 162 мың азамат, біздің бағалауымыз бойынша жұмыссыз қалуы ықтимал", - деді Нұрымбетов.

Министр ресми статистика бойынша екінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін артқанын жеткізді.

"Дегенмен, жұмыспен уақытша қамтылмаған адамдар санының өсуін ескерсек, бұл қосымша 536 мың адам, белсенді жұмыспен қамтудан тыс қалғандар үлесі қазір 10,8 пайызды құрайды. Яғни, шынайы жұмыссыздық десек те болады", - деді ол.

Пандемияға байланысты жұмыс уақытын пайдалану көрсеткіштері де төмендеген. Аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 542 мыңға қысқарды. Жалпы алғанда, дағдарыс кезінде халық табысы күрт азайған жоқ, бірақ өсу қарқыны, өткен жылмен салыстырғанда, едәуір төмендеді, деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі елімізде қазан айында карантин болады ма деген сауалға жауап берген еді.

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау жүйесі коронавирус індетінің екінші толқынына тойтарыс беруге барынша әзір отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1876019-koronavirusty-ekinsi-tolkyny-bastalsa-22-million-adam-kiyn-zagdajda-kaluy-mmkin/

pixel