Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

“Адамның салған суреті мәлімет береді": Ақтөбелік психолог күйзеліске түспеудің жолын айтты

Опубликовано:

ааа
Фото: Психологтың қолмен тігілген кестесі

Ақтөбелік психолог карантин кезінде бір сарынды өмірден жүйкесі сыр беріп, күйзеліске түскендерге кеңес берді. Айналамен жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, тұрақтылыққа жетудің жолы бар ма? Адам өзін қалай ұстағаны дұрыс? Нені білу керек? Өмірден сүрініп, сынып кеткен тағдырды аяқтан тұрғызу мүмкін бе? KAZ.NUR.KZ адам жанын ерекше жолмен емдеп танылған психолог кеңесін ұсынады.

Маман пікірінше, әдеттегі өмір сүру ритмі бұзылған адамдардың көбі күйзеліске түскен.

"Карантин адамдарға қатты әсер етті. Әсіресе үйде отырған аналар қиналды. Мектепке баратын баласы да, жұмыстағы жолдасы да қасында. Әйелге әдеттегіден 5-6 есе сабырлық, төзімділік керек. Көмек сұраған әйел адамдар көп болды. Күн батқаннан кейін ерте болсын, кеш болсын таң атады. Күн өз уақытында шығады. Жақсы сөз айтып, жақсы ойда жүріңіздер. 

Депрессияның алдын кесіп, әр күнді қайырлы етуді ойлаған дұрыс. Өткеннің уайым-қайғысына салынбай, бүгінмен өмір сүру керек. Егер бүгін таза, мөлдір су ішіп отырсаң, кеше ішкен тұзды су үшін неге уайымдайсың?! Алланың берген берекетін еске алып, шүкір ет. Байқағаным, ер адам кішкентай нәрсеге сынады.

Әйел адам көп нәрсеге шыдас береді. Егер сынса оны орнынан тұрғызу қиын.  Кеңесім - әйел адам өзін тыныштандыру мақсатында қол еңбегімен айналысқаны дұрыс. Себебі әйел адам эмоцияға көп беріледі. Кесте тігу адамның жүйке жүйесін тыныштандырады",- дейді Жанар Шұбарқызы.

Психолог маман жағымсыз эмоциямен күресу үшін әр адам өзінің сенімін жоғалтпау керек деген пікірде.

"Жұмыс жасап жүрген жеріме байланысты маған нашақорлар мен ішімдікке бой алдырғандар көп келеді. Ондай адамдарды "емделмейді" деп ойлау қате. Ең нашар адамның өзінде Алланың берген ерекшелігі бар. Сол қасиетін байқап, сенім беру керек. Олар жауапкершілік алмай үйреніп кеткен.

Айналамда дертінен толық айығып, жұмысын жасап жүрген адамдар аз емес. Сіз олардың қолымен моншақтап тіккен картинасын көрсеңіз. Әйел адамдар көп жағдайда өзін бағаламағандықтан ішімдікке бой алдырады.  Сенімін жоғалтып, ішімдікке үйір әйел адамды тоқтату қиын",- дейді психолог.

ард
Фото: Психологтың қолмен тігілген кестесі

Қазірде психологияның физиогномика ілімін зерттеп, сол жолда өзін дамытып жүрген кейіпкеріміз  әлі де білімін жетілдіруде.

"Адам әрдайым қозғалыста болу керек. Бесіктен бейітке дейін оқып, үйрену артық еткен емес. Қытай мемлекетіне барғанда кесте мен тігіннің адам санасына біршама әсер етіп, тыныштандыру ,ойын жинақтауға көмек беретінін білдім. Ол жақта науқас адамды емдеу тәсілі де ерекше.

Психологтар жұмысы ретке қойылған. Науқастың көңілін қалай аулайсың, ол сенің құзіретіңде. Бір сәт көңілін көтеру үшін оған шар үрлеп әкелесің бе, кино көрсетесің бе, алдында тұрып билейсің бе өз еркің. Оның бір минуттық өмірін ұзартуға күш салу керексің. Бізде ондай жоқ. Қаншама адам өз ауруымен өзі арпалысып жатыр. Олармен біреу жұмыс жасап, өмірін өзгертуге тырысып жатқан жоқ.  Ол елдің адамдарының еркіндігі, ұшқыр ойы, кішкентай нәрсені бағалай алуы мен үшін қызық болды. Сонша еңбекқорлықты көрдім, тәжірибе жинадым.

Психологияның физиогномика саласын меңгердім. Адамның отырыс-тұрысы, кескін-келбеті арқылы ақпарат алуға болады. Ол жақтан көп тәжірибе алдым. Мен кез келген адамды қабылдар алдында ақ парақ беріп, сурет салғызамын. Ақ парақтағы сурет адамның өткен өмірінен мәлімет береді",- дейді психолог маман.

Маман zhandauasi парақшасымен Instagram -да кеңес береп отырады.

Еске сала кетсек, кеше йогамен айналысып, ағылшын тілін үйреніп алған зейнеткер туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1877427-adamny-salgan-sureti-mlimet-beredi-aktbelik-psiholog-kjzeliske-tspeudi-zolyn-ajtty/

pixel