"Біраз қиналдым": 23 жасында 6 баланың анасы атанған келіншек өз оқиғасымен бөлісті
Жарияланған күні:
23 жасында алты баланың анасы атанған түркістандық келіншек 17 жасында тұрмысқа шыққан. Бұған дейін үш баласы бар ол құрсағында тағы үшем барына сенбеген деп жазады KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Еркінай көрші Өзбекстанның қазағы екен. Ата-анасы, ағайын-бауырлары сол жақта тұрады.
Ол 30 жастағы жолдасы Нұрсұлтанмен Қазақстанға қыдырып келгенде танысқан. Ер адам қызды бірден ұнатып, өзіне жар етіп алыпты.
Еркінай қазіргі уақытта Дербісек ауылында ата-енесімен, қайнысы және оның отбасымен бірге тұрады.
"Бұл шаңыраққа тым жас кезімде келін болып түссем де, қиналған жоқпын. Енем маған бәрін үйретті. Қазір екі келінін бір шаңырақ астында ұстап отыр. Аллаға шүкір, тату-тәтті отбасымыз, барлығы жақсы. Ауруханадан шыққаннан бері, асты-үстіме түсіп, шай-тамағымды беріп, күтіп жүр. Кесарь тілігі арқылы босанған соң, жүріп-тұруға қиналамын. Үйдегі үлкен балаларға да қазір енем қарайды. Ол кісіге ризамын", - деді ол.
Нұрсұлтан мен Еркінайдың тұңғыш тұңғыш қыздары 2015 жылы дүниеге келген. Араға екі жыл салып, тағы қыз босанды. 2018 жылы ерлі-зайыпты ұл сүйді. Ал жуырда жас әйел бірден үшем туып, алты баланың анасы атанды.
"Дәрігер үшемге аяғым ауыр екенін айтқанда, мүлде сенген жоқпын. Біртүрлі сезімде болдым. Не жыларымды, не күлерімді білмей, сыртқа шықтым. Іле-шала күйеуіме хабарластым. Ол да "қойшы, өтірік айтып жатырсың" деп сенбеді. Ата-енем болса, бұл жаңалыққа қуанды, әрине. Уақыт өткен сайын, қиыншылықтар көбейді. Үш баланы құрсағыңда тоғыз ай көтеріп жүру оңай емес екен. Біраз қиналдым", - деп еске алды ол.
Еркінай 23 жасында көпбалалы ана атанғанына қуанады. Болашақта дені сау болса, әлі де сәби сүйгісі келеді. Жас келіншек тіпті бала асырап алуға да қарсы емес.
"Мен бұрын егер балам болмаса, міндетті түрде асырап аламын деп ойлайтын едім. Алла Тағала сол пейіліме берген шығар. Бала асырап алу туралы ой әлі де бар. Күйеуім де біледі, қарсы емес, мені қолдайды", - дейді Есенбаева.
Бір шаңырақтың астында тұратын үш отбасы қазіргі таңда диқаншылықпен айналысып күн көреді. Жиналған өнімді ауданға, қалаға апарып сатып, нәпақаларын солай тауып отыр.
Келіншектің сөзінше, ұшем туғалы жөргегі мен ботқасына біраз ақша ктепі жатыр екен.
"Мемлекеттен әлі жәрдемақы алған жоқпын. Оған құжат жинап, "ЦОН"-ға бару керек қой. Қазір күзгі жиын-терім, жұбайымның қолы бос емес. Мен болсам, ешқайда шыға алмаймын. Осындай да жәрдемақыны алу үшін жеңілдіктер жасалса деп ойлайсың.
Тым болмаса, егіз, үшем туғандарға көмек көрсетсе. Әкімдіктен де құттықтап келгендер болмады. Үш баланы бағу маған қиынға соғып жатыр. Үкімет тарапынан сәбилерге күндіз қарайласатын бала күтуші жіберілсе, нұр үстіне нұр болар еді", - дейді Еркінай.
Түркістандық келіншектің арманы да жоқ емес. Айтуынша, бала-шағасы есейген соң, кәсіппен айналысқысы келеді. Арманы – сұлулық салонын ашу.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1878977-biraz-kinaldym-23-zasynda-6-balany-anasy-atangan-kelinsek-sem-bosanaryna-senbegen/