Белгілі психолог: Қазақ қыздарының ой-өрісі төсек деңгейінде қалып қоймауы керек
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желінің қазақтілді кеңістігінде әншілерден кейін өздерін «психолог» атап жүрген түрлі коучтер мен тренерлер жұлдызға айналды. Олардың арасында нағыз мамандары да, өзіне «ат» қойып алған психологтар да біте қайнасып жатыр. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақ аудиториясы тұтынып жүрген психология саласындағы ақпаратты саралау үшін кәсіби маман, белгілі отбасылық психолог Ержан Мырзабаевты сөзге тартты.
KAZ.NUR.KZ: Желіде ақыл-кеңесін беріп жүрген қазақтілді психологтар көбейді. Олардан қоғамға қандай пайда немесе зиян келіп отыр?
- Менің байқағаным - қазіргі таңда кейбір психологтарда нақтылық жоқ. Батыстың психологиясын оқып алады да, «мен оны ұлттық құндылықтарға сай жеткізіп жатырмын» деп, арасына бір-екі діни термин қосып, аят-хадис қосып, қазақша сөйлетіп, айтқан нәрселерінің бәрін ақиқат, шындық ретінде ұсынады.
Америкада Готтман институтында болғанда байқағаным, психолог болу оңай нәрсе емес. Сондағы психологтар ассосациясына мүше болуыңыз керек, лицензияңыз болуы керек, сондай-ақ эксперттер қоғамы сізді маман ретінде қабылдау керек. Олар «айтып жатқан нәрсесі дұрыс, методикаларының ғылыми негіздемесі бар» деп баға берген кезде ғана сіз психологиялық көмек көрсетуге құқылысыз.
Бізде ондай лицензиялау жоқ. Қалаған адам психолог. Кейбірі жоғары оқу орнын бітірсе, басқалары екі айлық курстардан өтіп алады да қосымша бір-екі кітап оқып алып, психологиялық қызмет көрсетіп жатыр. Ауылдағы қарапайым қазақ қыз-келіншектерінің басы қатты.
KAZ.NUR.KZ: Желідегі «психологиялық» кеңестерді талғамай тұтынып жүрген қазақ қыз-келіншектері адаспау үшін қандай шара ұсынасыз?
Меніңше, мемлекет тарапынан психологиялық қызметтерге тексеріс жүргізу керек, әсіресе үлкен аудиторияға ие «психологпын» деген адамдардың дипломдарын, сертификаттарын тексеру керек, айтылып жатқан нәрселері қаншалықты халыққа пайдалы екенін анықтау керек. Айналып келгенде бәрі ақшаға тіреледі. Олар ұсынып жатқан 1000-2000 теңгелік білімнің бағасы қолжетімді болғандықтан жұрт айтылған ақпараттың сапасына мән бермейді. Білімін сатып, көптеген адамнан ақша жинап жатқандықтан мемлекет бақылауға алу керек. Тым болмағанда белгілі бір эксперттік комиссиядан өткізу керек. Сол кезде ғана жауапкершілік болады. Коучтер халықтың сеніміне кіру үшін желіге әкімдермен, депутаттармен, шенеуніктермен бірге түскен суреттерін қояды. Осының бәрін көрген адам: «Демек бұл адамның істеп жүргенін мемлекет біледі, сенуге болады», - деп ойлайды. Шын мәнінде айтып жатқан кеңестері көп жағдайда ақылға қонымсыз.
Мысалға алатын болсақ, аттарын атамай-ақ қояйын, «сиқырлы әмиян» сататын психологтар бар. «Бақытқа жету үшін мына қызыл, көк әмиянды сатып аласың, сол кезде ақшаң көбейеді», - деп халықты алдайды. «Армандар картасы», «әмиянды іліп қою» бұл психологияға еш қатысы жоқ нәрселер.
Егер сен осылай ақша табам десең, «психолог» деген атақты алып тастап, «мен – эзотерикпін, фантастпын немесе басқа» деп айтуың керек. Олардың құрбандары оқымаған, көрмеген, инстаграмның деңгейінде қалып кеткен қарапайым қазақтар болып отыр.
KAZ.NUR.KZ: Мұның арты неге әкеп соқтыруы мүмкін?
Адам болғаннан кейін өмірде түрлі қиыншылықтар болады, кәсіби түрде көмек алуы керек жағдайлар кездеседі. Ал осы әрекеттерден кейін психологтарға деген сенім жоғалады. Қиналған кезде, депрессияға түскен кезде кәсіби көмек ала алмай қалып, өзіне қол жұмсау, ажырасу, ішімдікке, нашақорлыққа салыну сияқты жайттарға алып келеді.
Екінші трагедия желідегі жалған психологиядан алыс ақпаратты сату халықты алдау боп саналады, оның қаржылық пирамидадан, лотореядан еш айырмашылығы жоқ.
Үшіншісі, осындай адамдар халықты жалқаулыққа итермелеп жатыр. «Әмиянды сатып алып, айға қаратып қойсаң, бай болып кетесің» деген нәрсе абсурд. Соған қарап отыра берсең, ақша келе ме? Ондай нәрсе ғылымда жоқ. Ақша табу үшін еңбектену керек. Білім алу үшін оқу керек.
KAZ.NUR.KZ: Әлеуметтік желіде осы тақырыптағы сабақтардың қатысушылары - түгел дерлік әйелдер. Олар белгілі бір деңгейде өссем, өзгерсем деген ниетпен келеді. Неліктен өзгеруге тек әйелдер құлшынады?
Мұны бір-ақ сөзбен түсіндірсе болады – маркетинг. Желіде күні-түні отыратындардың көпшілігі әйелдер. Әйелдерді еліктіру оңай, сәйкесінше олар эмоциямен тез шешім қабылдайды. Қалталарынан қалай ақшаны санап бергенін білмей қалады. Өзгеруге тек әйелдер ғана емес ерлер де ынталы болуы керек.
KAZ.NUR.KZ: Ержан мырза, сіз бірде отандық телеарнаның эфирінде елімізге белгілі коуч, осыған дейін қазақша психология бойынша семинарлар ұйымдастырып келген Құралай Ошақбаевамен сөзге келіп қалдыңыз. Ол кісінің ұстанымдарына көзқарасыңыз қандай?
Мен Құралай ханымды жеке танымаймын, парақшасын зерттеп көрмеппін. Өткендегі эфирде сол жерде айтылған сөзіне қарсы шықтым. Ол кісі не үйретіп жатқанынан хабарым жоқ. Бірақ содан кейін көптеген адамдар менің көзқарасымды білу үшін сол кісінің айтқан-жазған нәрселерін маған жібере бастады.
Біздің қазақ қыздары білімді болу керек, ақылды, жігерлі болуы тиіс. Өзін дамытып отыруы қажет, өйткені біз примитивті деңгейден шығуымыз керек. Тек ішіп-жеу, сыртқы сұлулығына қарау, жыныстық қарым-қатынас, төсек деңгейінде қалып қоймауымыз керек. Өйткені оны бере алатын сыртта адам көп, бірақ отырып әңгімелесе алатын, ақыл-кеңес бере алатын келіншектер өте аз. Және ер адам кіммен ақылдасып кеңессе, соны әрдайым қадірлейді, сыйлайды. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді. Өзіне сенімсіз әйел сенімсіз бала тәрбиелейді.
Әйелінің оқып, дамуына ішкі комплексі бар еркектер қарсы. Өзінің беделін тек үстемдікпен, біреуді кемсіту арқылы көрсететініне сеніп қалған ер адамдар ғана ақылды әйелден қорқады. Ал қалыпты жағдайда өзіне сенімді ерлер әрдайым өзіне сенімді, ақылды әйелдерді сыйлайды, құрметтейді, таңдайды, қызығады.
Сөз соңында айта кетсек, Ержан Мырзабаев – отбасы психологы. Мамандығы – педагог-психолог. АҚШ-тағы Готтман институтында отбасы психологиясы бойынша біліктілігін арттырған маман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1879700-belgili-psiholog-kazak-kyzdaryny-oj-risi-tsek-degejinde-kalyp-kojmauy-kerek/