Екеуі жараланып, біреуі қаза тапты: Шуда есірткі сатқан полицейлер ұсталды
Жарияланған күні:
Өткен түнде Жамбыл облысы, Тасөткел ауылының маңында Көліктегі полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Шу станциясында есірткі сатумен айналысқан полиция қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция өткізді. Нәтижесінде бір адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Время" газетіне сілтеме жасап.
Басылым жедел деректерге сілтеме жасай отырып, Шу станциясының желілік бөлімінің полицейлері есірткі сатумен айналысқан деген күдікке ілінді деп хабарлайды. Алайда, ұстау кезінде олар қарсылық танытып, қашып құтылғысы келіпті.
Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері марихуана тасып жүр деген болжаммен Toyota Land Cruiser көлігін тоқтатуға тырысады. Бірақ жол талғамайтын көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің бірін қағып кетіпті. Нәтижесінде оның аяғы мен мойын сүйегі сынып, басқа да жарақаттар алған.
Осы кезде оның әріптестері күдіктіні қуып жетуге асығады.
Кейбір ақпарат көздеріне сәйкес, Toyota-да отырған полиция майорына оқ тиген. Кейін ол ауруханада қайтыс болыпты.
Көлікте келе жатқан тағы бір адам аяғы мен жамбасынан жарақат алған. Ауруханада жатқан оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Сондай-ақ, жол талғамайтын көлікте Шу станциясының желілік полиция бөлімінің 24 жастағы патрульшісі болған.
Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері автокөліктің ішінен салмағы 55 келі марихуана тауып алған.
Газеттің жазуынша, көлікте болған екі адам теміржолда есірткі іздеп жүрген кинологтар ретінде жұмыс істеген.
Үш қылмыстық іс тергелуде: есірткіні заңсыз тасымалдау және сату, денсаулыққа ауыр зиян келтіруге алып келген жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ қару қолданып қызмет бабын асыра пайдалану.
Осы ақпаратты көшіру және пайдалану "Издательство Время" ЖШС-нің рұқсатымен ғана мүмкін болады.
Еске салсақ, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Нұр-Сұлтан қаласы ПД жол-патрульді полициясы полкі командирінің орынбасары сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кеткен жөн, Алматыда қолына тапанша ұстаған ер адам видеоға түсіп қалды. Тәртіп сақшылары оның кім екенін анықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1880391-ekeui-zaralanyp-bireui-kaza-tapty-suda-arnajy-operacia-tkizildi/