Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда бес баланың анасы аз қамтылған отбасыларға тегін оқу орталығын ашты

Опубликовано:

Оқу орталығы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Алматыда бес балалы белсенді келіншек балаларға арналған тегін оқу-дамыту орталығын ашты. Бір қызығы, бұл орталықта басқа емес, әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыдан шыққан және жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тәрбиелеген балалар білім алады. Дамыту орталығын ашқан Ақжол Ахметова бұл қадамға не үшін барғанын KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

"Зейін" балаларды дамыту орталығы Алматының Алатау ауданына қарасты "Ақкент" ықшамауданында орналасқан. Қазан айынан бастап оқушыларды қабылдай бастаған білім ұясында бүгінде 340 бала түрлі үйірмелерге қатысып жүр.

"Өзім көпбалалы ана болғандықтан, біздегі барлық проблемаларды жақсы білемін. Шамам жеткенше, көпбалалы және жалғызбасты аналардың құқығын қорғап, соларға көмектесуге тырысамын. Өзімнің емес, өзгенің мәселесін көтеремін деп қалалық әкімдік пен құзырлы органдардың табалдырығын талай тоздырғанмын. Өзім де үлкен жанұядан шыққанмын.

Анамыз 11 бала өсіріп-тәрбиелеген. Солардың бірі – мен. Сондықтан, маған елдегі ана мен бала мәселесі жақынырақ. Қазір көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен аналар кезігетін мәселе өте көп. Қарапайым ғана АӘК-тің өзін біздерге үлкен қиындықпен береді. Осы проблемаларды талай рет басшылыққа жеткізіп жүріп, көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың дамыту орталығын ашу туралы идея ойыма келді. Бірақ бұған үлкен күш және қолдау қажет еді", - дейді Ақжол.
Оқу орталығы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақжол көпбалалы отбасыларға көмек ретінде оқу-орталығын ашу туралы Алатау аудандық әкімдігіне көмек сұрай барған.

"Онда балалардың зейінін көтерсек, солардың бос уақытын құр өткізбеуге атсалысып, түрлі курстар ашсақ деген өз ұсынысымды айттым. Әкімдік бұл ұсынысымды қабыл алып, көмек көрсетті. Қазіргі таңда әрбір ауданнан көпбалалы аналарды оқыту курстары ашылуда.

Үйде ұзақ уақыт отырып қалған әйелдер маникюр жасауды, түрлі тағам пісіріп, қолөнермен айналысуды үйреніп жатыр. Бұл да құптарлық нәрсе. Бірақ жеті баласы күтіп отырған әйел үйінен көп ұзап кете алмайды. Сондықтан, ең үлкен инвестиция – балаларға берілетін білім екенін айттым. Әкімдіктегілер бұл ойымды қабыл алып, үш бөлмелі ғимаратты берді. Бүгінде біздің орталықта түрлі курстар ашылып, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балақайлар мен оқушылар білім алуда", - дейді Ақжол Ахметова.

"Зейін" оқу-дамыту орталығында ине шаншар орын жоқ. Үйірмеде ағылшын, араб, түрік тілінің курстары, қолөнер мен көркемсурет үйірмесі, домбыра, фортепиано, скрипка курстары мен даярлық тобы ашылған.

Оқу орталығы
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Мұнда бәрі тегін білім алады. Шыны керек, ағылшын тілі тобы толып қалғандықтан, қаңтар айына дейін жазылып қойғандар бар. Балаларын ақшалай курстарға қатыстыруға көпбалалы отбасылардың жағдайы келе бермейді. Сондықтан, мұндай жобалар бізге өте керек. Біздің орталықты кішігірім оқушылар үйі деп айтсақ та болады. Бірақ, бір әттеген-ай болып тұр.

Біздің ғимаратымыз үлкен емес. Шағын ғана. Бұл білім алғысы келетін жүздеген бала үшін тарлық етіп тұр. Осы олқылықтың орнын толтыруға жомарт жандар, қалталы азаматтар көмектессе деген тілегіміз бар. Аз қамтылған жанұяның балалары үшін бұл орталықтың пайдасы зор. Тек үш кабинеттің аздық етіп тұрғаны... Ғимаратты үлкейтіп беруге көмектесетін жандар болса, қуанышымызда шек болмас еді", - дейді Ақжол.

Оқу орталығы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде "Зейін" оқу-дамыту орталығында жұмыспен қамту орталығынан келген әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881165-almatyda-bes-balany-anasy-az-kamtylgan-otbasylarga-tegin-oku-ortalygyn-asty/

pixel