Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үкімет неге үнсіз": Алматы жастары "Борат-2" фильміне наразылық білдірді (видео)

Жарияланған күні:

Наразылық
Фото: Азаттық рухы

Бүгін Алматыда АҚШ Бас консулдығының алдына бір топ жас жиналды. Олар «Борат-2» деген атпен жарық көрген фильмнің әлемдік прокатқа шығуына қарсылық танытты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Намыс» қозғалысының мүшелері Саша Барон Коэннің режиссерлігімен түсірілген кино нәсілшілдікті насихаттайды және белгілі бір ұлтты дөрекі түрде қорлайды деп есептейді. Ұйым мүшелері барлығы 45 адам қол қойған арнайы петицияны Америка Құрама Штаттарының дипломаттарына табыс ету үшін келген.

«Мұнда көп адам жиналуымыз керек еді. Алайда, пандемияға байланысты және елдегі кейбір заң талаптарына сәйкес шағын топ келдік. Біздің талабымыз – заң аясында бұл киноны көрсетуді тоқтату. Қазақстандықтар бұл киноны көрмейді. Біз өз талаптарымызды АҚШ-тың Алматыдағы бас консулына жеткіземіз», - деді белсенді топ жетекшісі Азамат Жолданбаев.

Соңғы бірер күнде әлемнің әр түкпірінде АҚШ-та түсірілген «Борат-2» фильмін насихаттау мен оның прокаты алдындағы жарнамалық шаралар жиілей түсті. Мәселен, күні кеше Сидней қаласындағы (Аустралия) жағалауда Бораттың алып ескерткіші орнатылып, оның маңында Қазақстанның туы тігіліп, ондаған жалаңаш адам флешмоб ұйымдастырды. Мұнан кейін қалада «Бораттың сыңарлары» деген шеру өтті.

Лондонда да фильмнің шығу құрметіне арналған шаралар жалғасты. Темза өзені арқылы Борат бейнеленген алып шар жүзіп өтті. Шарда Қазақстанның көк туы ілінген.

Айта кету керек, «Борат-2» фильмінің мазмұны мен желісі алғашқы кино сияқты қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің айналасында өрбиді. Пайда болған трейлерге қарағанда, фильмде ойдан шығарған елдегі саяси оқиғалар мен коронавируспен күрес тәсілдері күлкілі етіп көрсетілген. Бүгін видеоны Amazon Prime Video өзінің YouTube хостингіндегі арнасына алғашқы рет жүктеді.

Бүгін АҚШ дипломатиялық корпусының өкілдері наразы топтың алдына шыққан жоқ. Бас консулдық алматылық белсенділердің тек екеуін ғана қабылдады. Журналистер ғимаратқа кіргізілген жоқ.

«Кездесу болды, өз ойымызды айттық, петициямызды қолдарына бердік. Ол кісі, яни Аннан деген қызметкер біздің талап-тілегімізді қабылдап, елшіге жеткіземіз деп уәде берді. Біз ұлттық намысымыздың тапталып жатқанын айттық. Олар бәрін біледі екен. Алайда АҚШ заңына сәйкес, мұндай петицияға жауап беретін нақты мерзім айтылмайды екен. Бірақ жедел қарап, тиісті жауап беруге уәде берді», - деді консулдықтан шыққан белсенді жастардың өкілі Мақсат Мамадияров.

«Намыс» қозғалысының өкілдері елдің Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінен де ресми қадамдар жасауды сұрады. Олар осы күнге дейін сыртқы істер ведмоствосы тарапынан бірде-бір наразылық нотасының болмағанына қынжылды. Ал елдегі өнер мен мәдениетке жауапты салалық министрліктің де жауапкершілікті өз мойынынан ысырып тастағанын сынға алды.

«Біз өз тарапымыздан азаматтық позициямызды білдіруге келіп отырмыз. Ал Мәдениет министрлігі БАҚ беттеріне шығып, осы «Борат-2» фильмі туралы өз позицияларын білдіріп, елдің атынан қолдау жасаса, халық қуанып қалар еді. Ішкі аудиторияда не болып жатқанын білмейміз. Дегенмен, мемлекеттік органдар жақын арада бір шара қолданады деп сенейік», - дейді Мақсат Мамадияров.

ҚР Мәдениет және спорт министрі биыл 19 қазанда «Борат 2» фильміне қатысты пікір білдірді.

«Біз екінші фильмнің шыққанын елемей қоя алмаймыз. Қазақстандықтар БАҚ-та екінші фильмнің пайда болғанын көріп жатыр. Менің ойымша, олар өнер адамдары ретінде ойын білдіре алады. Алайда, олар адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тимеуі керек. Қазіргі таңда Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап беретін болады», - деп қысқа қайырған еді Ақтоты Райымқұлова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881233-kimet-nege-nsiz-almaty-zastary-borat-2-filmine-narazylyk-bildirdi-video/