Жапондық ғалымдар коронавирустың қалай таралатынын көрсетті (видео)
Жарияланған күні:
Бетперде кию - коронавирус дертінен ең тиімді қорғаныстардың бірі. Мұны Жапония ғалымдары тағы да дәлелдеді. Олар адамның медициналық масканы қолданбайтындығын ескере отырып, сөйлескенде, ән айтқан кезде және жөтелгенде вирустың қалай таралатынын көрсетті деп жазады euronews.com.
Коронавирустың жайылуын қарапайым көзбен көру мүмкін емес, сондықтан көптеген адамдар медициналық маскалармен инфекциядан қорғану мәселесіне жеңіл қарайды. Осы орайда Fugaku суперкомпьютерін қолданған ғалымдар вирустық бөлшектердің масканы кимеген жағдайда қозғалуын көрсете алды.
COVID-19 таралуының қарқындылығын айқын көрсету үшін жапондық ғалымдар жаңа технологиялардың көмегіне жүгінді. Аталмыш компьютер вирустық бөлшектердің адам сөйлейтін, ән айтатын немесе жөтелетін кезіндегі қозғалысын көрсете алады.
"Біз вирустың дәл қалай таралатынын көрсетіп, оны бүкіл әлеммен бөлісе алсақ, мүмкін адамдар қауіптің маңыздылығын өз көзімен елестетіп, қандай шаралар қолдануға болатынын ғылыми тұрғыдан ойлана бастайтын шығар", - дейді Kobe University & RIKEN профессоры Макото Цубокура.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ауаның жоғары ылғалдылығы ұсақ аэрозоль бөлшектерінің көбеюіне әкеледі. Әр түрлі қорғаныс құралдарын салыстыра отырып, ғалымдар масканы дұрыс қолданған кезде оның ең тиімді қорғаныс құралы бола алатынын дәлелдеді.
Сондай-ақ, ғалымдар әлеуметтік арақашықтықты сақтау тиімділігін де атап өтті. Олардың тәжірибелері көрсеткендей, вирустың үлкен бөлшектері науқастан шалғай жерге тарала алмай, оның айналасында ғана шоғырланады екен.
Еске салсақ, бұған дейін біз Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асып кеткенін жазған едік.
Одан бөлек, Нұр-Сұлтандағы шектеу шаралары туралы жаңа қаулы шыққанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881409-zapondyk-galymdar-koronavirusty-kalaj-taralatynyn-krsetti-video/