RU

Апатқа түскен көлік кабинасынан ұшып кеткен азамат қалай аман қалды

Жол-көлік апаты
Видеодағы кадр: https://www.instagram.com/eto_karaganda_detka

Қарағандыда жол апатына ұшыраған көлік жүргізушісінің кабинадан құлап түскен сәті видеоға түсіп қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан жоғары жылдамдықта келе жатқан көлік тайғанап, жолдың жиегіндегі темір қоршауға соғылғанын және содан кейін көлік кабинасынан жүргізушінің құлап түсіп, орнынан тұрған сәтін көруге болады.

Бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті түсінік берді.

"Көлік апаты 25 қазан күні шамамен сағат 13.15-те "Беркут" дәмханасы маңында болған. Теміртау қаласы бағытында келе жатқан "ВАЗ 21114" көлігінің жүргізушісі жолдағы метеорологиялық жағдайға байланысты туындаған қауіпті ескермей, көлік жылдамдығын арттырған. Салдарынан жүргізуші көлік руліне ие бола алмай, темір қоршауға соғылған. Зардап шеккен жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілді", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Алматыда квадроциклмен серуендеген жігіт мерт болды. 21 жастағы турист Бутаковка шатқалында квадроциклмен серуендеп жүргенде абайсызда құздан құлаған. 5 адамнан тұратын құтқару экипажы жігіттің денесін 2 километр төмен таудың етегінен тауып алды.

Сондай-ақ, Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі ауа райының өзгеруіне байланысты жол апаты жиілейтінін ескертіп, автокөлік иелеріне жазғы шиналарын қысқыға ауыстыруға кеңес берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881457-apatka-tsken-klik-kabinasynan-syp-ketken-azamat-kalaj-aman-kaldy/