RU

Жамбыл облысында аурухана басшысы қызметтік тексерістен кейін жұмысынан кетті

Дәрігер1
Көрнекі фото: piqsels.com

Жамбыл облысы Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алпысбай Батихан қызметінен босатылды деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігінің ресми сайты.

Әкімдіктің мәліметінше, осы жылдың шілде айында аудандық аурухананың қызметкері Ф. Жанбатырова "мекеме әкімшілігі коронавируспен күреске байланысты берілген үстемеақының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жатыр" деп шағымданған. Шағымы әлеуметтік желіге жарияланған соң ауданға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия аттанған.

Қызметтік тексеру нәтижесінде, Жанбатырованың келтірген кей деректері расталған. Ұжым ішінде жайсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқаны анықталды. Оған, бірінші кезекте, емдеу мекемесі әкімшілігінің кәсіптік міндеттеріне жауапсыз қарағаны әсер еткен.

Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жіберілген.

Тәртіп бұзғаны үшін бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А. Байтөреев қызметінен босатылған. Өз кезегінде бас дәрігер Алпысбай Батихан денсаулық жағдайына байланысты демалысқа шығып кеткен. Сондықтан еңбек заңнамасына сәйкес, оны қызметінен босату мүмкін болмаған.

2020 жылдың 5 қазанында ол жұмысқа шығып, 20 қазан күні тағы бір рет уақытша жарамсыздық парағын аштырған.

Денсаулық сақтау басқармасымен тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде емдеу мекемесі басшысының демалысқа негізсіз шыққаны анықталған.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушының 2020 жылдың 26 қазанындағы бұйрығына сәйкес, Алпысбай Батихан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы екі аудандық аурухананың бас дәрігерлері жұмыстан босатылғанын жазған едік.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881510-zambyl-oblysynda-su-sykkan-auruhanany-bassysy-kyzmetinen-bosatyldy/