Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұмытылмас сәт": Тұңғыш президентке алтын медалін таққан әлем чемпионы қалай шенеунік атанды

Опубликовано:

Асхат Шахаров
Асхат Шахаров. Фото: NUR.KZ

Дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Асхат Шахаров бүгінде Ақтөбе қаласының әкімі. 42 жастағы шенеунік татамидағы тәсілдерді әкімдікте қолдана ма? Әлем чемпионатында әр қазақтың жүрегін дүрсілдеткен спортшыны саясатқа келуге жігерлендірген не нәрсе? KAZ.NUR.KZ тілшісімен тілдескен чемпиондық атағы бар шенеунік еш жерде айтпаған ойларымен бөлісті.

- Қарапайым жүргізуші мен мейірбикенің отбасында тәрбиеленген қазақ баласы қалай чемпион болды?

- Бала кезде самбоға сыныптастарыма ілесіп барып, жазылдым. Ол кезде самбоның не екенін де білмеймін. Мектеп ішіндегі залда жаттығамыз. Үстімде арнайы форма да жоқ. Әкемнің көйлегін киемін. Анам ескі күртешеден белбеу жасап берді. Жайлап жарыстарға шыға бастадық. Ата-анам көпбалалы отбасынан шыққан жандар. Олар бір де бір кездесуді келіп қараған емес. Тек іштей тілекші болатын. Әкем: "Ешкімді алдама. Сыйлы боламын десең, адал бол. Чемпионсың ба соған лайықты көрін! Қарапайымдылықты жоғалтпа, масайып қалма" деп өсірді.

- Сіз белгілі спортшысыз, саясатқа бет бұруыңыздың себебі неде?

- Спорттың мерзімі қысқа. Әрі кетсе 30 жасқа дейін. Үлкен спортпен 27 жаста қоштастым. Уақытында кете білу керек. Бір нәрсеге жабысып алсаң, оның сәні де кетеді. "Осы салмақта чемпион болдым. Өмір бойы чемпион боламын" деп дәлелдеудің қажеті жоқ. Әрі қарай білім алдым. "Спортта осындай жетістікке жеттім, мемлекет маған не береді? Үй бересіңдер ме, көлік мінгізесіңдер ме?" деген ой дұрыс емес. Мемлекет мен үшін бәрін жасады. Егемендіктің арқасында әлемді мойындаттым. Енді мен оған жұмыс жасауым керек деген оймен мемлекеттік қызметке келдік.

- Әлем чемпионы аудан әкімі атанды, осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз?

- "А" корпусына құжат тапсырар алдында көп адаммен ақылдастым. Сол кезде бір кісінің "Оған не жоқ, спортшы не істей алады?" деген әңгімесін естідім. Бұл сөз мені жігерлендіре түсті. Сол кезде жолым болды ма, реті келді ме, бұрын мемлекеттік қызметте болмасам да бірден аудан әкімі болуға ұсыныс түсті. Мен "А" корпусына өткен кезде көршілес Батыс Қазақстан облысында 12 ауданнан алты ауданның әкімі сынақтан өтпей қалған еді.

Оралдан тізімде ешкім болмай, көрші Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстарынан көптеген азаматты әңгімелесуге шақырды. Мен де бардым. Сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы қабылдап, 10 минуттай сөйлестік. "Резюме жақсы, сырттай білемін, өмірлік тәжірибең бар екені көрініп тұр. Сен ақтөбеліксің, мен де ақтөбелікпін. Бірінші рет кездесіп тұрғанымызбен, ертең ел арасында өз жерлесіне бүйрегі бұрды деген түсінбеушілік болуы мүмкін. Сондықтан, алдымен осы Орал өңірінің жергілікті кадрларына басымдық бергенім әділ болады. Келгеніңе рақмет, елге сәлем айт, аман жүр" деген тілекпен шығарып салды. Қайттым. Бірақ ертеңіне ол кісінің өзі телефон соқты. Қаратөбе ауданының әкімі болуға жұмысқа шақырды. Бірден келістім. Жұмыс осылай басталды.

- Әлем чемпионы атанғанда медаліңізді еліміздің тұңғыш президентінің мойнына тақтыңыз. Сол сәт есіңізде ме?

- Әрине. Сол кезде біздің спортшылардан финалда жалғыз өзім қалдым. Психологиялық жағынан қиын болды. Тұңғыш президенттің өзі қатысты. Жеңіс бұйырды. Киім алмастыру бөлмесінде отырғанымда президент әкімшілігінен адамдар келіп, ол кісінің өзі марапаттайтынын хабарлады. Жүрегім тоқтамастан дүрсілдеп кеткені бар. Мемлекеттің бірінші басшысы құшақтап, бетімнен сүйді. "Табысты бол" деген тілегін айтты. Ұмытылмас сәт. Қапсыра құшақтап, қолымды қатты қысты. "Мойнымдағы алтын медальді сізге беруге рұқсат етіңіз" деп мойнына өзім тақтым. Суретке түсіп болған соң "Бұл сыйды мен қабылдады деп ойла. Баға жетпес жетістігің үйіңнің төрінде тұрсын" деп қайтадан мойныма тақты.

Асхат Шахаров пен Нұрсұлтан Назарбаев1
Асхат Шахаровтың Нұрсұлтан Назарбаевқа алтын медалін таққан сәті. 2005 жыл. Фото: Мұрағаттан

- Татамидегі тәсілді жұмыс барысында қолданатын кездер бола ма?

- Кабинетте ме? (күлді. авт). Кейде қолданғың келетін сәттер болады. Себебі халық бізге талап қояды. Ал берілген тапсырмаға қызметкер немқұрайлы қарап, уақытында орындамаса немесе ісінен нәтиже шықпаса, намыстанасың, жаңағы өзіңіз айтып отырған тәсілді қолданғың-ақ келіп кетеді. Бірақ ондайға ешқашан жол бермеймін. Спортшыға да, мемлекеттік қызметкерге де ұстамдылық, салқын қандылық - ортақ мінез. Ашуға бой алдырған спортшы ешқашан чемпион болмайды. Сол сияқты ұстамдылық пен сабыр мемлекеттік қызметкерге ең қажет қасиеттер.

Жұмыс тапсырылып, оны жасауға уақыт берілгеннен кейін орындалуға тиіс. Әртүрлі сылтау айта бастайтындар бар. Ел алдында жауапкершілік үлкен. Соны сезінген адам кедергілерді шешудің де жолын таба алады. Тәртіп керек. Тәртіп болмай ешқандай нәтиже болмайды.

- Ақтөбеде жол мәселесі бір ізге қойылып келеді. Ескі қаладағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты ел батасын беруде. Қанша қаржыға, неше көшеде жөндеу жұмыстары жүрді?

- Маған әкім болып келгенде облыс басшылығынан берілген бірінші тапсырма осы жолдарды қалыпқа келтіру болатын. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша республикадан 13,9 млрд теңге бөлінді. Бір құпияны ашайын. Қалада 97 көше жөнделуге тиіс еді. Жөндеу жұмыстарынан үнемделген қаржы болды. Қаладағы 117 көшені қалыпқа келтірдік. Ол жұмыс жалғасады. Ауа райына байланысты биыл екі аптадай уақытымыз бар. Жақын арада қаланың күретамырына қан жүгіртетін негізгі жол - Сәңкібай батыр даңғылындағы жұмыстар аяқталады.

- Әлем чемпионы болған кезіңізде байланыс қызметінің жарнамасына түстіңіз. Егер сізге Ақтөбені жарнамала десе...

- Ақтөбе - рухты батырлардың жері. Әлемнің рухын көтерген Димаш та осы жерде туған. Қаланың туристік мүмкіндігі мол. Туризм -әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Сондықтан туризмді дамытуға тиіспіз. Әрине шетелдік инвесторлар мен өз азаматтарымызды шақыруға жұмыстанамыз.

Асхат Шахаров пен Ардақ1
Фото: NUR.KZ

-Хоббиіңіз...

- Қызметте жүргеннен кейін бос уақыт болмайды. Көп уақытым жұмысқа кетеді. Жауапкершілік үлкен. Отбасымды көрмейтін кездер болады. Бос уақыт тапсам, еркіндікті сезіндіретін атқа мінгенді ұнатамын. Көп бос уақыт жоқ.

- Музыка тыңдайсыз ба?

- Шәмшінің әндерін тыңдаймын. Рух көтеретін әндер ұнайды.

- Отбасыңыз жайлы айтсаңыз, ұлдарыңыз спортқа бейім бе?

- Екі ұл, бір қызым бар. Үлкені бокспен айналысады. Ортаншысы күреске барып жүр. Қызым гимнастикаға жақын, мұз айдынына барады. Мәншүк есімді қызым Оралда дүниеге келді. Баспаөз конференцияда "қызыңыздың атын Мәншүк деп бізге жағыну үшін қойдыңыз ба, Ақтөбеде болсаңыз Әлия деп қоясыз ба" деген сұрақтар болды. Әлия деп қоя алмаймын, жұбайымның аты - Әлия екенін айтқанмын.

Әңгімеңізге рақмет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881588-mtylmas-st-kazakstanny-tgys-prezidentine-medal-takkan-lem-cempiony-kalaj-seneunik-atandy/

pixel