Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалғыз ұлы кісі қолынан мерт болған атбасарлық ана жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Пышақ1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Жалғыз ұлы кісі қолынан қаза болған атбасарлық Алтынай Шотманова әділдік іздеп жанайқайын жеткізді. Ол ұлы Саматты үш жерінен пышақтап өлтірген қылмыскердің енді 7 айдан кейін бостандыққа шығатынына наразы деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алтынай Шотамнованың ұлының қазасына айыптыны небәрі бір жарым жылға бас бостандығынан айырған екен.

"Сотқа дейін абақтыда отырған күндерін есепке алғанда 34 жастағы қылмыскер көп ұзамай түрмеден босап шығады", - дейді марқұмның туысқандары.

Олар соттың шешіміне келіспей отыр. Қайғылы оқиға биыл маусым айында Қосшы кентінде болған.

Кешқұрым Ардақ Сыздықбаев достарымен кездесуден кейін ішімдік ішіп келіп, үйде отырған Саматпен сөзге келіп қалған. Ардақтың айтуынша, ол өзіне бас салған жігіттен қорғанбақ болып қолына пышақ алыпты. Бірақ қалайша үш рет жаралағаны есінде жоқ. Ол қансырап жатқан жігітті пәтерде қалдырып, ізін суытқан.

Екі күн өткен соң, ол полицияға өзі барған.

"Қасақана кісі өлтіру" бабымен тергеу жүргізген тәртіп сақшылары істі сотқа жіберген. Алайда соңына дейін осы баппен қаралған іс үкім шығар күні "өзін өзі қорғау шарасын асыра қолдану" болып өзгерген. Нәтижесінде айыпталушы бір жарым жылға ғана сотталған.

"Әрине әділетсіз! Бұл не сұмдық! Есімізді жинай алмай қалдық. Бізді алдап соқты!", - дейді марқұмның анасы.

Марқұмның әпкесі де сот шешіміне наразы.

"Оларда ешқандай дәлел болған жоқ. Судья не адвокатты, не бізді сөйлетпей, аузымызды жауып отырды. Прокурор 10 жыл сұраған. Бірнеше рет пышақтап өлтіріп, бір жарым жыл алғаны сұмдық қой. Қорғанған дейді. Ал оның денесінде бір тыртық та жоқ. "Қалталы ағайыны шығарып аламыз депті" дегенді естігенбіз. Сол рас болып тұр ғой", - дейді марқұмның әпкесі Сәния Исабекова.

Марқұмның анасы "ет саудасымен айналысқан Сыздықбаевтың пышақты өте епті қолданатынын айтып" зар илеуде. Сөзіне сенсек, "Ардақ төбелесіп жүріп емес, аңдаусыз тұрған баласына арқасынан келіп пышақ сұққаны сараптамада көрсетілген". Ал үкім кескен судья олардың бұл айтқанымен келіспейді.

"Сотқа дейінгі тергеу кезінде тергеуші бір жақты қараған, яғни айыптау жағы басым болған. Айыпталушы марқұмды сырт айнала беруін күтіп тұрып, пышақ сұқты дегені дәлелденбеді. Пәтерде екеуі ғана болған. Сараптама бойынша, Сыздықбаевты қысып ұстап тұрған кезде оның жоғары жақтан пышақ салғаны анықталды. Шотмановтың оған бұған дейін де қыр көрсеткенін куәгерлер айтып берді", - дейді Ақмола облыстық сотының судьясы Арлан Қосжанов.

Судьяның куәгерлер деп тұрғаны – айыпталушының достары. Ал оқиға болғанда үйде екеуі ғана болыпты. Енді марқұмның туыстары "сот әділетсіз өтті, қылмыскер толық жазасын алмайынша, тоқтамаймыз" деп отыр. Қазір олар Жоғарғы сотқа шағым әзірлеуде.

Дереккөз КТК арнасы

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында 21 жастағы жігіттің басына оқ тигенін жазған едік.

Одан бөлек, Алматы облысында бұған дейін 13 рет істі болған жүкті әйел тағы да қолға түскенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881592-zalgyz-ly-kisi-kolynan-mert-bolgan-atbasarlyk-ana-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel