RU

Сарапшылар пікірі: Еліміздегі баспана бағасы қандай

пәтер1
Көрнекі фото: pixabay.com

Коронавирустың салдарынан елімізде жылжымайтын мүлік нарығы да айтарлықтай тұралап қалған. Су жаңа баспана мен іргесі бұрынырақта қаланған үйлерге де сұраныс төмендеп кеткен. Алайда шаршы метрлердің құны аспандап барады деп хабарлайды КТК арнасы.

Мәселен, өткен тоғыз ай мен былтырғы көрсеткіштерді салыстырғанда жылжымайтын мүліктің құны Қазақстанда 15 пайызға қымбаттаған.

Сарапшылардың бірі мұны теңгенің құнсыздануынан көрсе, енді бірі пандемияның ықпалы деп отыр.

Қазіргі дерек бойынша, әсіресе Қарағанды мен Шымкентте пәтер шаршы метрінің бағасы өскен.

Шымкентте соңғы үш ай ішінде, тіпті 20 пайызға дейін өскен. Шаршы метрлердің қымбаттауына, әуелі қаланың мегаполиске айналуы себеп болса, екіншіден, доллар құнының өсуі де қатты әсер еткен. Бір қызығы, көпқабатты үйлер көптеп салынып, пәтер алушылар қатары азайса да, баға көтерілмесе, түспеген.

"Жалпы бағасының түсіп жатқан ештеңесі жоқ, тек көтеріліп жатыр", - дейді Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Нұрлан Досымбеков.

Ақтаудағы жағдай мүлдем басқа. Осыған дейін ғана шаршы метрлерінің құны шарықтап, Қазақстан бойынша пәтерлері ең қымбат үштікке еніп тұрған өңірде баспана құны арзандап жатыр.

Сарапшылардың дерегінше, Ақтаудағы бір шаршы метрдің орташа бағасы 178 мыңды құрайды. Тек теңіз жағалауында шоғырланған аудандардағы үйлердің құны басқаларынан 15 пайызға қымбат.

Ал жаңа үйлерге сұраныс аздау. Себебі соңғы уақытта сапасы дұрыс болмай шығып жатыр екен. Арзандаудың басты себебі –  өңірдің баспана нарығында сұраныс көлеміне қарағанда ұсыныс ұлғайып кеткен. 

"Оған қоса, үй бағасының төмендеуіне пандемия да әсер етті. Біздің өңірдің мұнай шаруашылығына негізделгенін барлығы біледі. Ал мына шектеулердің кесірінен көптеген өндіріс ошағы жұмысын тоқтатты. Кіріс құлдырады. Бір сөзбен айтқанда, халықтың баспана сатып алатын жағдайы жоқ. Бұл, әрине, бағаның төмендеуіне негіз болды", - дейді Жылжымайтын мүлік орталығының директоры Аида Ғаббасова.

Қымбатшылық жер үйлерді де айналып өтпеген. Әсіресе Қарағандыда мүліктің осы түрі 24 пайызға қымбаттап, бір шаршы метрінің құны 104 мың теңгеден асқан.

Телеарнаның мәліметінше, елімізде ең қымбат шаршы метр елордада, жер үйдің бір шаршы метріне 121 429 теңге сұрайды.

Ал ең арзан үйді шаршы метріне 71 429 теңге төлеп, Өскеменнен алса болады. Кеңселерді жалға алу көрсеткіші де былтырға қарағанда 29 пайызға төмендеген.

Алматыда кеңселердің бір шаршы метрін жалға алу құны 12 пайызға өсіп, 115 мың теңгеден асқан. Ал ел астанасындағы кеңселерді жалдау құны шаршы метріне 152 мың теңгеден басталады. Былтырмен салыстырғанда 19 пайызға қымбаттаған.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, бұған дейін елімізде тұрғын үй бағасы ең қымбат және ең арзан қалалардың рейтингі жарияланған еді.

Сонымен қатар сенат депутаттары баспана бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотека ала алмай жүрген тұрмысы төмен қазақстандықтардың проблемасын көтерген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881795-sarapsylar-pikiri-elimizdegi-baspana-bagasy-kandaj/