Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сал ауруы сән салонын ашуға кедергі болған жоқ: анасы мен қызы екеуі өз бизнестерін ашты

Опубликовано:

Са ауруына шалдыққан қыздың анасы
Фото: Светлана мен Виктория Назаренконың жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауданы Байтұрысай ауылының тұрғыны Светлана Назаренко мен оның қызы Виктория соңғы бірнеше айда іскер әйелдер қатарына қосылды. Олардың әрқайсысы өздерінің шағын кәсібін - сұлулық салонын және ателье ашты. Мұндай игі қадамға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы түрткі болып отыр.

Назаренко отбасы үшін биылғы жыл ерекше болды – анасы мен қызы өздерін кәсіпкер ретінде сынап көруде. Тұрып жатқан үйлері тек баспана ғана емес, жұмыс орнына айналды.

Әрине, бұл уақытша. Алдағы уақытта жиналатын кіріс бөлек ғимарат жалдауға жетіп қалады деген үміт бар. Оның үстіне, қос нәзік жан әрбір клиенттің қалауын табуға тырысып, тапсырыстың барлығын адал әрі сапалы орындауға күш салуда. Болашаққа деген жоспар ерен.

Сонымен, осының бәрі қалай басталды деген сұрақ туатыны даусыз. Бұл сауалға жауап іздер болсақ, өміріне өзгеріс енгізіп, жарқын жаққа ұмтылу идеясы Светлана Назаренкоға 2019 жылы келеді. Оған дейін ұзақ уақыт үй шаруасынан бас көтермей, церебралды сал ауруына шалдыққан қызы Викторияға күтім жасады, сабаққа да өзі апарып, алып келіп жүрді.

Міне Вика да өсіп, есейді-ау деген кезде, Светлана отбасын жалғыз асыраушы күйеуіне көмектесуге шешім қабылдайды.

Сал ауруына шалдыққан қыз тігін тігіп жатыр
Фото: Светлана мен Виктория Назаренконың жеке мұрағатынан
«Бұған дейін мен пошташыдан басқа жұмыс істеген емеспін, бірақ бұл баяғыда болған. Үлкен қызым 2-ші топтағы мүгедек, жылдар бойы жанымнан бір елі ажыратпай бағып келемін. Өткен жылы, Виктория 23 жасқа толғанда, бой жетті, өмірге бейімделді, енді жұмыс табайын деп ұйғардым. Көп созбастан Мәртөк ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгініп, онда маған қайта даярлықтан өтуді, яғни жаңа мамандыққа оқуды ұсынды. Нәтижесінде, үш айдың ішінде, Ақтөбедегі сұлулық салондарының бірінде шаштараз болуды үйрендім. Одан кейін сол мемлекеттік бағдарлама бойынша грант алып, дербес іс бастау үшін кәсіпкерлік негіздерін игеруге жол ашылды», - дейді Светлана Назаренко.

Біраз уақыттан кейін Виктория да анасына қосылуға ниет білдірді – ол да өзін бизнесте сынап, жаңа білім мен дағдыларды иеленуге құштарлық танытты. Анасы мен қызы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы білім көкжиегін кеңейтті. Көп ұзамай екеуі грантқа өтініш тапсырды. Бизнес жобалары сәтті қорғалып, грантқа да қолдары жетті.

«Мен 530 мың теңге, Вика - 265 мың теңге алдық. Мойындау керек, алғашында ол маған жүгіріп келіп, «Мама, мен де қатыса аламын ба?» дегенде бойымды үрей биледі. Несие ғой, қалай қайтарамын деп уайымдадым. Жалпы кредит атаулыны жақтырмаймын, жолап кетуден қорқамын. Бірақ маған бұл қайтарымсыз грант, тек жұмыс жасасаңыздар болды дегенде қатты қуанып, бірден келістім. «Жарайды, байқасақ, байқап көрейік!» деп басынан сипап едім, жүзі бал-бұл жайнап кетті», - дейді Светлана.

Қыз тігін тігіп жатыр
Фото: Светлана мен Виктория Назаренконың жеке мұрағатынан

Әзірге адам аяғы сирек, клиент аз. Светлананың сұлулық салоны жалғыз болғанымен, ауыл аядай ғана ғой.

«Менде шаштараз да бар, маникюр де жасай аламын. Әрине, аудан орталықтарындағыдай сұраныс жоқ. Әдетте әр адамның үнемі баратын шебері болады ғой. Сондықтан әлі де клиенттер қатарын көбейту керек. Мен шаш қиюды да, бояуды да білемін. Тырнақ істейтін құрал тұр. Елдер енді естіп жатқан сияқты, оның үстіне бағаларым да қымбат емес. Жалпы ауылдастарым жаппай қолдауда. Өзге де ауылдарды құлақтандырудамыз», - дейді іскер әйел.

Виктория да әрбір жаңа тапсырысты ынта-ықыласпен қабылдауда. Грант арқылы берілген ақшаға кәсіби тігін машинасын, үтіктеу тақтасы мен үтік, жіптер сатып алған.

«Қызым тырысып бағуда. Төсек-орын дайындайды. Біреу киімін қысқартса, екіншісі сөгілген жерін тігіп беруді сұрайды. Мен де қарайласып, енді халаттар мен көйлектер тігуді үйреткім келеді. Мүгедектігі бар, Викаға оңай емес. Бірақ біз қатты сенеміз, отбасы болып, әпкесі мен әкесі, барлығымыз оны мақтан тұтамыз», - дейді Светлана.

Маникюр
Фото: Светлана мен Виктория Назаренконың жеке мұрағатынан

Викторияның өзі өте ұяң мінезді және сұхбаттан бас тартты.

Анасының айтуы бойынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеке іс ашу жаңа мүмкіндіктерден тыс, өмірлерін мәнге толтырып, бойларындағы сенімді күшейтті.

«Бұл біз үшін үлкен көмек және қолдау. Сонымен қатар, алда жарқын келешек күтуде. Көш жүре түзеледі ғой – жұмысшылар жалдап, өрісімізді ұзартпақпыз. Ең бастысы бірінші әрі маңызды қадам жасалды, енді бағындырар белес те тым алыс емес. Барлығы оңынан болатынына үмітіміз зор», - деп тұжырымдайды Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы.

Сөз соңында, бағдарлама аясында, Ақтөбе облысында 2020 жылғы 9 айдың қорытындысында 42 763 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын атап өткен жөн. 2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасы тұрғысында 1404 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 1187 адам қазірдің өзінде өздерінің бизнес жобаларын қорғап үлгерді.

Маникюр
Фото: Светлана мен Виктория Назаренконың жеке мұрағатынан

Өңірдің 1093 тұрғыны бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 598,4 млн теңге сомасына қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882005-sal-auruy-sn-salonyn-asuga-kedergi-bolgan-zok-anasy-men-kyzy-ekeui-z-biznesterin-asty/