RU

Коронавируспен ауырған әр екінші адамның жүйке жүйесіне зиян келеді

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

Отандық ғалымдар коронавируспен ауырған әр екінші адамның жүйке жүйесі сыр беретінін айтып, дабыл қақты деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Коронавирустың зардабы, әсіресе психологиялық ауытқуы бар науқастарға оңай тимейтін болып шықты.

Халықаралық "Қызыл крест" комитетінің жүргізген сауалнамасына сенсек, дерт өкпені ғана емес, басқа да ағзаларды да зақымдайтыны анықталып отыр. Коронавирусты жұқтығандардың 50 пайыздан астамының жүйке жүйесі сыр берген.

Мамандардың айтуынша, пандемия кезінде психологтарға жүгінетіндердің де саны артқан.

"Жүйкесі ауыратын және психологиялық ауытқуы бар науқастардың температурасы болғаннан кейін миға қан жетіспеушілік, сосын ми қантамырларына кислород ауа жетпейтін болғаннан кейін осы аурулар асқынуы мүмкін", - дейді ДСМ "Республикалық психологиялық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы" ШЖҚ РМК бөлімшесінің басшысы Бақытжан Нұралиев.

Одан бөлек, коронавирус расталмаған, бірақ індеттің белгілері бар пневмонияның да зардабын тартып жатқандар көбейіпті. Олардың арасында жүкті әйелдер де бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде өкпе қабынуынан 136 аяғы ауыр келіншек көз жұмған. Биылғы жылдың тоғыз айлық есебі бойынша қайтыс болу дерегі: Ақтөбе облысында 13, Қызылордада 9, Шымкентте 7 есеге өсіпті.

Мәселен, Ақтөбеде 14 әйел босану кезінде көз жұмған. Дәрігерлер өмірге келген 9 сәбиді аман алып қалыпты.

"Бұл ана өлімінің он төрт жағдайының тоғызы ковидтік пневмониядан болды. Жетпіс пайызға жуығы десе болады", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Кожин.

Бүгінгі таңда ел бойынша бес мыңға жуық жүкті әйелден коронавирус анықталған. Ал Ақтөбедегі емханаларда өкпесі қабынған 4 жүкті әйел ем алуда.

А. Данияр, Б. Рахметова

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцинасы клиникалық зерттеудің бірінші кезеңінен өткенін жазған едік.

Одан бөлек, Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің консулдық бөлімі COVID-19 салдарынан азаматтарды қабылдауды тоқтатқанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882017-koronaviruspen-auyrgan-r-ekinsi-adamny-zjke-zjesine-zian-keledi/