RU

Жеке көмекшілер және инвотакси: Мүгедек жандарға жаңа мүмкіндіктер жайлы

ҚР ЕХӘҚМ
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Қазақстанда мүгедектігі бар 705 мың адам өмір сүреді. Күн сайын олар әр түрлі кедергілерге тап болады. Мәселен, оңалтудың техникалық құралдарына тапсырыс беру барысында, жеке көмекшілерді таңдауға байланысты қиындықтарға кезігіп жатады және олар инватакси қызметтерін әлі де толыққанды қолдана алмай жүр.

Осы және өзге де мәселелерді шешу үшін өткен жылы Үкімет 2025 жылға дейін мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қорғап, өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспарды қабылдады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, оның мүгедектігі бар адамдарға пайдасы және өзге де мәселелердің шешімі жайлы KAZ.NUR.KZ порталына сұхбатында айтып берді.

– Ерлан Мұратұлы, Әлеуметтік қызметтер порталы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Сервис қалай жұмыс істейді және бүгінде ол қандай мүмкіндіктер ұсынады?

– Әлеуметтік қызметтер порталы ағымдағы жылдың қаңтар айында іске қосылды. Порталдың (aleumet.egov.kz) басты ерекшелігі - профилін, рейтингіні және өзге қолданушылардың пікірлерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ) мен қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Екінші артықшылығы – уақыт үнемдеу. Мысалы, бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беру процессі күрделі болатын, осыған байланысты мүгедектігі бар жанға кейде ОТҚ-ны 6 айға дейін күтуге тура келетін. Ал бүгінде Порталда тапсырыс берген сәттен бастап үйге жеткізуге дейінгі уақыт 15 күннін шамасында болып отыр. Ал жеткізу қызметі мемлекет есебінен төленеді.

Бүгінгі күні Порталда тіркелген 759 жеткізуші бар, оның 734-і арнайы әлеуметтік қызметтерге, ал 24-і ОТҚ-ға бағытталған. Бүгінде бұл интернет жүйе арқылы ел бойынша 19 мыңнан астам тауар берілді. Енді жеке іріктеуді қажет етпейтін 55 ОТҚ-ның 24-і Портал арқылы берілуде, ал 2021 жылдың қаңтарынан бастап жеке таңдауды қажет ететін техникалық құралдар да қолжетімді болмақ.

Портал арқылы барлық қызметтер мен оңалту құралдары мемлекетпен кепілдендірілген сома аясында тегін ұсынылады. Аталмыш соманы арнайы комиссия тұтынушылардың бағалауы мен сапасы бойынша сенімді деп танылған тауарлар мен қызметтердің орташа құны негізінде анықтайды.

ҚР ЕХӘҚМ
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

– Жалпы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіруде Порталдың атқаратын рөлі қандай болмақ?

– Әрине, ең алдымен, бұл барлық үдерістердің ашықтығы және өнімдердің сан-алуандығы. Сонымен қатар, Портал құнды деректердің қайнар көзі болып табылады. Біз қандай қызметтерге сұраныс бар екенін, ОТҚ-ның жекелеген түрлерімен қамтамасыз етілудің шынайы деңгейі қандай екенін көре аламыз. Осы деректерді талдау негізінде аймақтар, көмек профилі және өзге де параметрлер бойынша ОТҚ мен қызметтерге қажеттілікті алдын ала болжауға және тұтастай алғанда әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша шараларды әзірлеуге болады.

– Порталға кіріп қызметтерді толық алу үшін қолданушыға не қажет? Ал интернеті жоқ немесе компьютердің тілін түсінбейтін мүгедектігі бар жандар не істейді?

– Порталды пайдалану үшін сізге электрондық сандық қолтаңба, интернет және компьютер қажет. Интернеті жоқ немесе компьютерді қолдана алмайтын мүгедек жандар әр ауданның және ауылдық округтің әкімдіктері немесе әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріндегі өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштарының көмегіне жүгіне алады. Мемлекеттік мекеменің қызметкерлері Порталда тапсырыс беру кезінде мүгедектігі бар жандарға немесе олардың өкілдеріне көмек көрсетуге міндетті.

– Келесі жылдан бастап Портал арқылы инватаксилер ұсыну жоспарлануда. Бұл қызмет түріне қатысты бүгінгі жағдай қандай?

– Инватакси проблемасы бар екенін мойындау керек. Аймақтарда кейде көлік жетпей қалып жатады, көбіне мүгедектігі бар жандар таңнан бастап қоңырау шалып, кезекке жазылып, көліктің бос болғанын күтуге мәжбүр.

Бүгінде бұл мәселелерді шешу үшін Инватаксиді Әлеуметтік қызметтер порталына көшіруге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер әзірленуде. Қазір сұранысқа ие және қолданыста ыңғайлы такси агрегаторларын біздің интернет-порталмен біріктіру жоспарлануда. 2021 жылы қызмет пилоттық режимде сынақтан өтеді. Оны Порталға толық енгізу 2023 жылға жоспарланып отыр.

ҚР ЕХӘҚМ
Фото: ҚР ЕХӘҚМ

– Осы ретте толығырақ айтып өтсеңіз. Бұл процесс қалай іске асырылмақ?

– Порталдағы жеке кабинетте мүгедектігі бар әр адам үшін айына 60 ақысыз жолдама ұсынылады деп болжануда. Қолданушы кез келген уақытта онлайн режимде көлікке тапсырыс бере алады. Қызметтің Порталға енгізілуі инватаксидің уақытылы қызмет көрсетуіне және сапасына қатысты проблемаларды шешуге көмектеседі.

– Инватакси қызметі жаңа форматқа ауысса, таксопарктерге арнайы талаптар қойыла ма?

– Қазіргі уақытта инватаксилерге қойылатын талаптар қайта қаралуда. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, автомобильде міндетті түрде мүгедектер арбасы мен өзге де арнайы құрылғыларды қоюға мүмкіндік беретін жүксалғыш болуы керек. Бірақ бұл қызметке мүгедектер арбасына таңылғандар ғана жүгінбейтінін ескеру қажет. Көру қабілеті нашар немесе нашар еститін жандарға арнайы жабдықталған автомобильдер қажет емес, олар қарапайым жеңіл көлікті қолдана алады. Жолаушыға, қажет болған жағдайда көлікке кіріп-шығуға көмектесу керектігін жүргізушіге ескерту жеткілікті. Қызмет Порталға енгізілген кезде мүгедектігі бар жан өз мүмкіндіктерін ескере отырып, ыңғайлы автокөлікті таңдай алады. Осылайша қызмет таксопарктер үшін қолжетімді әрі артық шығынсыз болмақ.

– Әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілеріне қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Әсіресе олардың еңбекақысы, жұмыс уақыты жайында сұрақтар бар. Айтыңызшы осы жеке көмекшілердің жұмыс уақытына қойылатын талаптар өзгеріп, олардың жұмыс сағатын көбейту жоспарда бар ма?

кресло
Фото: pixabay.com

– Жеке көмекші қызметтері 2015 жылы енгізілді және оның басты идеясы - мүгедектерді әлеуметтік қызметкердің қамқорлығымен жұмысқа, оқуға, дүкенге бара алатындай жағдай жасау. Осы арқылы мүгедектігі бар азаматты әлеуметтендіру. Жеке көмекшінің жұмыс уақыты әрдайым 8 сағаттан аспайтынын атап өткім келеді. Бұл норма бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Алайда көмекшілердің жұмыс уақытын көбейту туралы мәселе жиі көтерілуде. Ешкім адамды тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайды, бұл заңға қайшы.

– Жеке көмекшінің ақысы сағатына төленетінін білеміз. Көбіне мүгедектің жеке көмекшісі оның жақын туысы болып жатады. Сәйкесінше олар тәулік бойы қызмет етеді. Қалай ойлайсыз, туыстары 8 сағатқа ғана ақы алатыны әділетті ме?

– Жеке көмекшінің қызметіне тек жұмыс күні ішінде қолдау көрсету кіреді. Бұл мәселе әділеттілік төңірегінде емес, заңдылық тұрғысынан қарастыру керек. Қарапайым тілмен айтқанда, заңнамалық деңгейде жұмыс уақытын 8 сағаттан артық ету мүмкін емес. Адамның тәулік бойы жұмыс істеуін талап етуді әлемнін қай елін алып қарасаңыз да кездестірмейсіз. Көбіне жеке көмекшіні мейірбикемен немесе медициналық қызметкермен шатастырып жатады. Әрине мұндай жағдайда түсініспеушілік пайда болады. Кей кездерде мүгедектігі бар жандар көмекшінің инъекция немесе басқа да медициналық манипуляцияларды жасауын талап етіп жатады.

Айта кету керек, 2021 жылдан бастап жеке көмекшінің қызметін алмай жүрген І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын тұлғаларға жаңа жәрдемақы енгізіледі. Ал жеке көмекші қызметтерін ұсыну тәсілдері қайта қаралады. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап мүгедектігі бар жандар Әлеуметтік көмек порталы арқылы жеке көмекшінің қызметіне жүгінуге өтініш бере алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882159-zeke-kmeksiler-zne-invotaksi-mgedek-zandarga-zaa-mmkindikter-zajly/