Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қатты тоңып, ашығып қалған": Полиция түнде 2 және 7 жасар қызды іздеді

Опубликовано:

Қыз бала
Көрнекі фото: piqsels.com

Павлодарлық полицейлер түнде анасын іздеп шыққан екі кішкентай баланы құтқарды деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша кешкі уақытта Павлодар полициясына әйел қоңырау шалып, екі және жеті жасар жиені жоғалғанын хабарлаған. Өздері іздеп таба алмаған. Қыздар күндіз сыртқа шығып кетіп, содан оралмапты.

Балаларды іздеуге Павлодардың полиция гарнизоны жұмылдырылды. Біраз уақыттан кейін балаларды патрульдік полиция батальонының инспекторлары тапты.

"Қыздар табылған кезде қатты қарны ашқанын және тоңып қалғанын айтқан", – деді ювеналді полицияның аға инспекторы Руслан Сүлейменов.

Тәртіп сақшылары балаларды тамақтандырып, тыныштандырды. Олармен әңгімелесу кезінде қыздардың анасы балаларын жалғыз қалдырып, үйден кетіп қалғаны анықталды. Есік ашық қалғандықтан қыздар далаға өздері шыққан. Айтуларынша, олар анасын тапқысы келген.

Бірақ қамсыз ата-ананы полиция қызметкерлерінің өзі әрең тапты. Ол қаланың басқа шетінде таныстарымен бірге ішімдік ішкен.

Бұған дейін әйел балаларға дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық бақылауға алынған екен.

Қазір қыздың үлкені Кәмелетке толмағандарға арналған орталыққа орналастырылды, ал кішісі Балалар үйіне тапсырылды. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға материал дайындалып жатыр, дейді құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Еске салсақ, Қостанай облысында 20 жастағы жігітті жақындары 12 күннен бері іздеп, таба алмай жатқаны туралы жазған едік.

Сонымен қатар, Түркістан облысында із-түзсіз жоғалып кеткен келіншектің денесі 20 күннен кейін Мақтаарал маңындағы қамыстың арасынан табылғанын жазған едік. Жабайы аң-құстар әбден талап тастаған денені туыстары әрең таныпты. Алайда криминалистер келіншектің адам қолынан өлгенін анықтаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882520-katty-toyp-asygyp-kalgan-policia-tnde-2-zne-7-zasar-kyzdy-izdedi/

pixel