Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңбыр жауса белшесінен батпаққа бататын қызылордалықтар назын айтты

Опубликовано:

көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылордадағы Қызылжарма елді мекенінің тұрғындары жол мен жарық мәселелерін көтеріп, жанайқайын жеткізді деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Тұрғындардың сөзінше, мәселелерін айтып әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Алайда нәтиже жоқ.

Олар жолдың азабынан құтқаратын жан табылмағанына қынжылады. Әсіресе жаңбырда жаяу жүргінші тұрмақ, көліктің жүруі мұңға айналғанын айтады.

"Батпақ, екі аяқ киім қыста. Мына кісі галошын тастап кетсе, кешке келгенде ол галош жоқ. Құдай білсін кім алып кететінін, белгісіз. Жедел жәрдем шақырсақ, алда-жалда батып қалса, ел болып, ауыл болып жедел жәрдем көлігін итереміз", - дейді қала тұрғыны Зибагүл Айтбайқызы.

Телеарнаның мәліметінше, Қызылжарма облыс орталығының іргесінде тұрса да, инфрақұрылымнан артта қалған елді мекен.

Электр сымдарын тұрғындар өз күштерімен тартқан. Бағана алуға қалтасы көтермегендері, жоғары вольтты сымдарды бақанға іліп қойған. Бұл - ойын балаларының өміріне қауіп тудыратынын жақсы түсінеді, бірақ басқа амалымыз жоқ дейді олар.

Тұрғын Дараша Әлизақованың айтуынша, сымды кезінде 210 мың теңгеге тартып алған. Алайда өзге үйлерге берген соң аяғында өзінде мәселелер туындаған.

"Екі тоңазытқыш, екі теледидар жанып кетті. Қайтадан несиеге алдық", - дейді ол.

Тұрғындардың назына қатысты Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пахуатдин Шамұратов пікір білдірді.

"Сол мөлтек ауданды (ред. Қызылжарма) толық тас жол, қиыршық таспен қамтамыз ету үшін 1 млрд 200 миллион теңге қаржы қажет. Бұл аталған жоба-сметалық құжаттарын қазір біз бюджеттік өтінім әзірлеп, облыстық, республикалық бюджеттік тапсырыс беріп жатырмыз. Электр желілерін тартуға байланысты бір қазір қала әкімдігі тарапынан жоба-сметалық құжаттарын рәсімдеп жатырмыз", - деді ол.

Сонымен қатар әкімдік ағымдағы жылы Қызылорда қаласына "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдармасына сай бөлінген қаражат есебінен 98 жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. Басымдық жол жөндеу және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстарына берілген.

"Бюджет тапшылығына қарамастан жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі 2020 жылы 2 есеге ұлғайтылып, жыл соңына дейін басты назар аударып отырған барлығы 260 жол салынуда. Оның 210 орташа жөндеуден өтсе, 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Сонымен қатар, 68 жаяу жүргінші жолы да бар", - дейді Қызылорда әкімдігі.

Сондай-ақ ведомство Қызылорда қаласында "Шет аймақ" деген ұғым қалыптаспағанын, жол жөндеу жұмыстары аясында қаланың орталығымен қатар басқа да көшелері назардан тыс қалмағанын атап өтті.

"Керісінше жыл сайын шет аймақтың жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл мәселеге қала әкімі айрықша көңіл бөлуде. Мәселен, қаламыздың теріскей бетінде орналасқан Торайғыров көшесі және оны орталықпен жалғап жатқан ең ұзын көшелердің бірі Қорқыт ата көшелері қайта жаңғыртылды. Титов, Гагарин, Шанхай, Коммунизм, КБИ мөлтек аудандарында бұл жұмыстар қатар жүргізіліп келеді.

Қаламыздың барлық бағытындағы кіре беріс жолдары, яғни бас әуе қақпасы саналатын әуежайдан қалаға дейінгі аралық, Сырдария ауданынан және Шиелі ауданынан кіре беріс жолдар қайта салынды. Осы игілікті істер Қызылорда қаласында жалғасын таппақ", - деп қосты қала әкімдігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882962-zabyr-zausa-belsesinen-batpakka-batatyn-kyzylordalyktar-nazyn-ajtty/

pixel