RU

Елімізде коронавирусты қайта жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді

Нидерланды мен Францияда коронавирус жұқтырғандар саны өсті
Көрнекі фото: Nicolo Filippo Rosso/Bloomberg via Getty Images

Орал тұрғыны коронавирусты екінші рет жұқтырды. Ол алғашқы ПТР тестін сәуір айында тапсырған. Ал екінші рет дерт жаз соңында расталған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл жайында Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы орынбасары Гүлнар Әбдірахманова мәлімдеді. Ол науқастың екі рет стационарда емделгенін атап өтті.

"Бұл өңірдегі алғашқы дерек. Келіншек пандемия басында, сәуір айында коронавирус жұқтырған. Тест екі рет теріс нәтиже көрсеткен соң оны ауруханадан шығарған. Ал екінші рет тамыз айында дертке шалдыққан",- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

БҚО-да бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 7064 жағдайы тіркелген, 121 адам қайтыс болды.

"Қазір өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны 139-ға жетті. Олардың 92- сі стационарларда емделіп жатыр. 8 жағдай қазан айының ортасында мектеп оқушыларынан расталды. Инфекция тасымалдаушы отбасы мүшелері болған",- деді Әбдірахманова.

Айта кетейік, 4 қарашаға қараған түні 369 жолаушысы бар 3 ұшақ елордаға ұшып келді. Олардың 34-інде коронавирустың теріс нәтижесі бар анықтама болмаған.

Ал Қазақстанда өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 432 адам тіркелді. Жалпы ел бойынша COVID-19-бен ауырғандар саны 113 741. Сонымен қатар, өткен тәулікте 177 адам коронавирустан емделіп шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883047-elimizde-koronavirusty-kajta-zktyrudy-algasky-deregi-tirkeldi/