RU

"Өте ауыр ақпарат": Біртановтың ұсталуына қатысты министрлік өкілі жауап берді

Елжан Біртанов
Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Денсаулық сақтау вице-министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Елжан Біртановқа қатысты басталған тергеу жұмыстары жайлы айтты. Ажар Ғиният бұл министрлік қызметкерлері үшін "өте ауыр ақпарат" екенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер күтпеген жерден жемқорлық жасады деген күдікке ілінген Елжан Біртановқа қатысты тергеу жұмыстары басталды ма деген сұрақ қойды.

"Өкінішке қарай, әрине, бұл ақпарат министрлік үшін өте ауыр. Қазір тиісті органдар бұл іспен айналысып жатыр, ақ-қарасын анықтар",- деді Ғиният.

Сондай-ақ, ол экс-министрдің ұсталуы министрлік жұмысына қандай да бір әсерін тигізді ме деген сауалға жауап берді.

"Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлеріне қосымша ауыртпашылық болып жатыр. Әрине, тергеу органдары құжаттармен жұмыс істеп, бізді жауап алуға шақыруда",- деді вице- министр.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.

Ал күні кеше Қазақстан Республикасының қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитеті бұрынғы министрдің не себепті ұсталғанын мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Сот Біртановқа қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды", - делінген комитеттің хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883112-te-auyr-akparat-ministrlik-birtanovty-staluyna-katysty-pikir-bildirdi/