Бұл БҚО-да емес: Министрлік коронавирусты қайта жұқтыру дерегі жайлы айтты
Жарияланған күні:
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Қазақстанда коронавирус инфекциясын қайта жұқтыру жағдайы болғанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында COVID-19 қайта жұқтыру жағдайы тіркелгені хабарланған еді.
Айжан Есмағамбетова қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайды қайта жұқтыру деп қарастырмайтынын атап өтті.
"Бұл БҚО-дағы алғашқы жағдай. Бірақ, ол уақытта ешқандай эпидемиологиялық байланыс орнатылмаған еді. Сол кезеңде бізде ПТР тестілеу бойынша болған білім мен тәжірибе күдікті еді. Ол уақытта бізде сыртта келген жағдайлар көп болған.
Екінші ретте науқас ауырып қалғанда бізде түгелдей КВИ клиникасы болды. Сондықтан, БҚО-дағы жағдайды біз қайта жұқтыру дерегі деп айта алмаймыз", - деді ол.
Оның ақпарынша, қазан айының соңында елде коронавирусты қайта жұқтыру дерегі расталған. Алайда, бұл БҚО-да емес, Қарағанды облысында.
Алғаш рет науқастан коронавирус маусым айында, екінші рет қазан айының соңында расталған. Ол тиісті клиникаға жатқызылды.
"Әрбір жағдайда инфекция жұқтырғанда қандай кезең болды, арасында қанша уақыт өтті деген мәселелерді зерттеп, қарастыру керек. Сондай-ақ, әлемде коронавирусты қайта жұқтыру деректері өте аз тіркелетінін есте сақтау қажет.
Бұл қазіргі кезде аурудан кейінгі иммунитет ұзақ емес, қысқа мерзімді екені туралы зерттеулерді тағы бір рет растайды. Біз иммунитет бір айдан үш айға дейін сақталады деген едік. Бұл қайталанатын жағдайлар болуы мүмкін және болады дегенді білдіреді.
Ал ауырған адамдар алдын алу шараларын сақтау керек екенін түсініп, жазылған соң енді ауырмаймын деп ойламауы керек",- деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883122-bl-bko-da-emes-ministrlik-koronavirusty-kajta-zktyru-deregi-zajly-ajtty/