Еліміздегі жалғыз мұғалімі мен 6 оқушысы бар мектеп туралы білесіз бе (фото, видео)
Жарияланған күні:
Қызылорда облысында барлық пәннен беретін жалғыз мұғалімі бар мектеп жұмыс істеуде деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Естімеген елде көп. Қызылорда облысы Гигант ауылдық округіне қарасты Ақтам елдімекенінде барлық пәннен беретін жалғыз мұғалімі бар мектеп оқушылардың білім ордасына айналған. Шағын ғана мектепте төрт сынып бір кабинетте отырып, білім алады. Ал бастауыш мектепте бар-жоғы алты оқушы бар екен.
Мектептің жалғыз ұстазы атанып отырған Сандуғаш Кершебаева жұмысының қыр-сырымен бөлісті.
"Қиындығы, бір сыныпта 1-ден 4-ке дейінгі сыныптар отырады. Қырық минутта бүкіл төрт сыныпқа сабақты сұрап та, түсіндіріп те үлгеруім керек. Негізгі пәннен беремін, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, орыс тілі, музыка", - дейді Ақтам бастауыш мектебінің мұғалімі Сандуғаш.
Шиелі ауданынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елдімекенде 50-ден аса адам тұрады. Ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен күнін көруде. Мұнда мектептің бой көтергеніне отыз жылдан асқан. Білім ордасында балалар бесінші сыныпқа дейін оқиды. Өкінішке қарай, оқушыларға білім алуға жайлы жағдай қарастырылмаған. Аудандық білім бөлімі мектепке тексеріс жүргізуге уәде етті.
"Алты балаға 4 қызметкер жұмыс істеп, білім беруде. 20 орынға арналған мектеп, 87 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның бір кемшілік тұсы - спорттық алаң, осындай мәселе қарастырылмаған", - дейді Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Нәсібеков.
М. Тоқтасынқызы
Еске салсақ, бұған дейін біз елімізде ешкім ештеңе ұрламайтын жалғыз ауыл туралы жазған болатынбыз.
Одан бөлек, Италияда екі тұрғыны ғана бар ауылға карантин енгізілгенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883172-elimizdegi-zalgyz-mgalimi-men-6-okusysy-bar-mektep-turaly-bilesiz-be-foto-video/