RU

Елімізде ешкім ештеңе ұрламайтын жалғыз ауыл туралы білесіз бе (видео)

Родина
Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

Елімізде мүлде проблемасы жоқ ауыл бар болып шықты. Ақмола облысында орналасқан бұл елдімекенде мүлде қылмыс жоқ. Тұрғындардың тәртіп бұзуға қолдары тимейді екен. Себебі, барлығы да жұмыспен қамтылған. Ауыл азаматтары үйлерінің есігін құлыптамайды, көліктерін де кілттемеуге үйренген деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Тазалығымен және еңбекқор тұрғындарымен ел аузында жүрген Ақмола облысындағы Родина ауылын жұрт "шағын Германия" деп те атайды.

Ауыл
Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

Жыл басынан бері мұнда ешқандайда да заңбұзушылық тіркелмеген. Тоғыз ай бойы бірде бір қылмыс болмаған ауылдың тірлігі қалалықтарға бергісіз.

Тасжол, қаздай тізілген біркелкі үйлер, супермаркет, фитнесорталық дейсің бе, жайлы өмір үшін қажеттінің бәрі бар. Сондықтан да тұрғындар қалаға себепсіз ағылмайды. Ең бастысы, ұйқылары тыныш. Ұрлық-қарлық, қылмыс атаулыдан ада.

Белгілі болғандай, Родинаның қауіпсіздігін 150-ге жуық бейнекамера бақылауға алған. Олар ауылдың бұрыш-бұрышында ілулі тұр. Болашақта бұл салаға "Сергек" камераларын да тарту көзделіп отыр екен. Ауылдың ең қауіпсіз деп танылуының да құпиясы осы секілді.

"Камералар тәулік бойы жұмыс істейді.Үздіксіз. Учаскелік полицей бір уақытта бірнеше орынды бақылап отыра алады. Заңбұзушылық байқалса, оқиға орнына бірден оперативті түрде жетіп барады", - дейді "Родина" ЖШС ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Владислав Видченко.
Ауыл
Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

Бейнекамералар орнатылғанға дейін де ауыл тұрғындарының тәртібі осал болмаған. Мысалы, соңғы 5 жылда небары 27 заңбұзушылық тіркелген екен. Оған қоса, ауыл жұрты ерікті түрде екі айда 1 мәрте түнгі және күндізгі кезекшілікке шығады екен.

"Родина селосында 23 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осында ең бірінші келгендегі мен қазіргіні салыстырғанда, жер мен көктей. Жақсы. Қазіргі осы ауылдың халықтарына көптеген көмек, жақсылықтар істеліп жатыр", - дейді Родина ауылының тұрғыны Гүлбану Үсенова.

Ауыл
Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

"Бізде тәртіпті бұзатындар көбіне сырттан келетіндер. Астанадан келіп, қоғамдық орындарға қоқыс тастап, не болмаса, жол белгілеріне қарамастан, ережені бұзады. Ал ауылдың тұрғындары - заңға, тәртіпке бағынатын адамдар", - дейді Родина ауылдық учаскелік полиция инспекторы Қайрат Әлібеков.

Ауыл
Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

Тұрғындардың заң бұзуға уақыттары да жоқ. Себебі мұндағы 1500-ге тарта тұрғынның барлығы жұмыспен қамтылған. Көше кезіп, қаңғырып жүргенін көрмейсің.

"Ешқандай жұмыссыз жоқ. АСП дегенді ешкім бізде алмайды. Бәрі жұмыспен қамтылған. Пандемия басталғалы коронавирус жұқтыру бойынша ешкім тіркелген жоқ. Неге десеңіз, бізде бас санитарлық дәрігердің рұқсатымен округіміз бойынша санитарлық блоктарды қойдық. Қатаң бақылап отырдық", - дейді Родина ауылының әкімі Талғат Мұқышев.
Талғат Мұқышев
Талғат Мұқышев. Скриншот: Еуразия бірінші арнасы

Ауыл жұрты көліктерін кілттемейді, үйлеріне құлып та салмайды. Мүліктерін де аулаға бейберекет тастап кетуден қорықпайды. Жақын арада қосымша 100 камера орнатып, ауылды қазіргіден де қауіпсіз ете түсу көзделіп отыр екен.

Еске салсақ, бұған дейін біз ұлты орыс шенеунік қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді ауылға жіберуді ұсынғанын жазған едік.

Одан бөлек, Италияда екі тұрғыны ғана бар ауылға карантин енгізілгенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1882269-elimizde-eskim-estee-rlamajtyn-zalgyz-auyl-turaly-bilesiz-be-foto-video/