RU

Нұр-Сұлтанда селфи жасамақ болған жігіт көпірден құлап кетті

көпір
Фото: azh.kz

8 қараша күні Нұр-Сұлтанда селфи жасамақ болған жігіт Есіл өзеніне құлап кетті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Атыраулық" көпірден ер адам секіріп кетті деген хабарлама түсті. Ал оқиға орнына жеткен полицейлер 22 жастағы жігіттің селфи жасап жатқан кезде Есіл өзеніне құлап кеткенін анықтады. Ол жарақат алған жоқ, өзі жағалауға жүзіп жеткен", - деді полицейлер.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға экстремалды селфи жасаудың қауіпті екенін ескертіп, абай болуға шақырды.

Айта кетерлігі, елордада мұндай жайт бұған дейін де орын алған болатын. Нақтырақ айтсақ, бір ай бұрын ішімдік ішіп алған екі ер адам селфи жасау үшін Қабанбай батыр даңғылындағы көпірге шығып алған еді. Куәгерлер дереу тәртіп сақшыларына хабар бергеннен кейін, оларды көпірдің үстінен полицейлер қауіпсіз жерге түсірген. Екі азамат та 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтын болды.

Еске салсақ, бұған дейін біз сәтсіз селфи жасаған жігіт ғашығының көзіне шөп салғанын байқатып қойғанын жазған едік. Бойжеткен жігітінің селфиінен оның өзгемен көңіл жарастырғанын біліп қойған.

Одан бөлек, Алматы қаласында бөгеттің басына шығып суретке түсуді жоспарлаған жігіт 50 метр биіктіктен құлап кеткенін жазған болатынбыз. Абырой болғанда ол темірге ілініп аман қалған. Келеңсіз жағдай Үлкен Алматы шатқалында орын алған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883669-nr-sltanda-selfi-zasamak-bolgan-zigit-kpirden-klap-ketti/