Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Біржан Нұрымбетов: "Еңбек" бағдарламасы жағдайды ушықтырмауға мүмкіндік берді

Опубликовано:

Біржан Нұрымбетов1
Фото: NUR.KZ

Қазақстанда бірнеше жылдан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында қандай қордаланған мәселелерді шешу мүмкін болып, оның жекелеген бағыттары қаншалықты тиімділік әкелді және де елімізде өнімді жұмыспен қамтылғандардың саны көбейіп, жұмыссыздар қатары азайды ма - осы және басқа сұрақтарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов NUR.KZ порталына берген көлемді сұхбатында жауап берді.

"Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстанда жұмыссыздық мәселесінің беті бері қарады деп айтуға бола ма? Бағдарлама оған қалай әсер етті?

- Әңгімені статистикадан бастасақ, тиісті 3 жыл 10 айда бұл бағдарламаға 2,4 миллион адам қатысты. Оның ішінде 1,3 миллион қазақстандыққа тұрақты жұмысқа орналасуға көмектестік. 400 мыңнан астам адам қысқа мерзімді кәсіптік курстармен қатар, кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстарда оқыды. 580 мыңға жуық адам әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар сияқты уақытша жұмыспен қамтылып, жалақылары мемлекет тарапынан субсидияланды. Бағдарлама аясында 122 мың адамның кәсіпкерлік бастамасы қолдау тауып, олар несиелер мен гранттар алды, өз кәсібін ашты және осылайша қосымша 45 мың жұмыс орнын құрды. Меніңше, бұл ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже.

Макрокөрсеткіштер тұрғысында бағдарлама индикаторларына тоқталсақ, алғашқы үш жылда бағдарламаның арқасында жұмыссыздар саны 11%-ға төмендеді. Алайда, 2020 жылы пандемия өз зардабын тигізіп, жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрады. Өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі 40%-ға төмендеді. Мектеп қабырғасындағы негізгі білімі ғана бар еңбек ресурсының үлесі 2 есеге азайды – 48%. Тағы бір елеулі белес – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы "Еңбек" бағдарламасының шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтудың өсуіне қосқан үлесі 11%-ды құрады.

Жақсы, мұның бәрі сандар дерлік. Енді тарқатып көрейікші. Жасыратыны жоқ, "Еңбек" бағдарламасына күмәнмен қарайтын және осы бағдарламаның маңызын жете бағаламайтын сарапшылар бар. Кейде маған: "Мәселен, "Еңбек" бағдарламасы 500 мың адамды қамтыды. Біздің елдегі жұмыссыздар саны шамамен осындай. Неге онда жұмыссыздықты мүлде жою мүмкін болмады?" деген қызық сұрақ қойып жатады. Бұл жағдайды қарапайым есеппен шеше салу қиындау. Себебі еңбек нарығы бір орында тұрмай, күнде өзгеруде.

- Жұмыссыздықты түбегейлі жою мүмкін емес дейсіз ғой?

- Жоқ. Әлемдік тәжірибеде, тіпті, "табиғи жұмыссыздық деңгейі" (3-4% деңгейінде)деген ұғым бар. Еңбек нарығына күнделікті жаңа жұмыс күші келіп-кетіп жатады. Мысалы, кәмелет жасқа толғаннан кейін оқуға бармаған жастар немесе оқу орындарының түлектері - олардың барлығы еңбек нарығына еніп, жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сонымен бірге кейбір жандар зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа аттанады. Кейбір әйелдер бала күтіміне ден қойса, басқалары керісінше жұмысқа оралумен болады. Осылай үздіксіз қозғалыс жүруде. Мұнда маңыздысы сол, келетіндер көп пе, кетіп жатқандар көп пе?!

Салыстыра қарасақ, жылына 550 мың адам еңбек нарығына еніп, 450 мың адамға азаяды, яғни жыл сайын 100 мың адам жұмыссыздардың қатарына қосылуда.

Екінші жағынан, елдегі өнімді жұмыспен қамту экономикада жұмыс орындарын құру арқылы қамтамасыз етіледі. Орташа есеппен біз жыл сайын 400 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын құрамыз, бірақ кейбір жұмыс орындары жабылып жатқанын ұмытпаған жөн. Олардың саны 300 мыңға жуық. Мұнда да жаңа жұмыс орындарының көбеюі сол 100 мыңның маңайында. Бірақ осы 100 мыңды ескерсек те, ішінде өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған, бұрыннан келе жатқан жұмыссыздар бар.

Сондай-ақ, "кадр тұрақтамаушылығы" деген ұғымды тілге тиек етсек. Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда орта есеппен 2 миллион жұмыс орнының иесі ауысып отырады - біреу келіп, екіншісі кетеді дегендей. Осы орайда "Еңбек" бағдарламасы бойынша 230 мың адамға тұрақты жұмыс табуға көмектескенімізден тыс, бағдарламадан тыс 400 мың адам Электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс орнын тапқанын ескеретін болсақ, "Бұлардың бәрі қайда орналасып жатыр?" деген сұрақтың туындайтыны анық. Жауабы да белгілі – босаған жұмыс орындарына.

Ал одан кеткен азамат жұмыссыздар қатарына қайта қосылуға мәжбүр. Еңбек нарығының жиі өзгеретініне осы дәлел, еңбек күштері ұдайы орын алмасып жатады. Осы ретте жұмыс орындарының көбеюі жұмыс күшінің өсуіне ілесе алмай қалғанда, "Еңбек" бағдарламасы жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау құралы ретінде іске қосылады. Былай айтқанда, қауіпсіздік жастығы сияқты дер кезінде кәдеге жарайды. "Бағдарламаның үлесі қаншалықты елеулі?" деген сұраққа жауап сұлбасы да айқындалғандай - егер бағдарлама болмағанда, биыл ресми статистикаға сәйкес жұмыссыздар саны 5% емес, кем дегенде 8-9%-ды құрайтын еді.

Біржан Нұрымбетов2
Фото: NUR.KZ

- 2017 жылдан бастап бағдарламаны іске асыруға қазынадан қанша қаражат жұмсалды?

- 4 жылға "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыруға 547 млрд теңге бөлінді. Бұл өте үлкен ақша. Бірақ бірден айта кетейін, бағдарламада зерттеу жүргізу, тұжырымдама жасау, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және тағы басқа "бос" іс-шараларға шығындарға жол берілмеген. Қаражаттың нақты жұмсалу мақсаты айқындалған. Барлық қаржының 83%-ы несиелер, гранттар, субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілгендерге жалақы, қоныс аударуға және жалға берілетін тұрғын үйге субсидиялар, стипендия түрінде қатысушыларға тікелей беріледі. Қалған қаражат оқыту ұйымдарына жолданады және де қоныс аударушыларға баспана салуға немесе сатып алуға пайдаланылады.

Екіншіден - жалпы соманың 63%-ы кәсіпкерлікті қолдауға кетеді. Өйткені бұл бағыт жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

- Бағдарлама шеңберінде мемлекет тарапынан субсидияланатын көптеген уақытша жұмыс орындары ашылып жатқаны аян. "Жұмыссыздарға мемлекет ақшасына уақытша "екі қолға бір күрек" берудің орнына, бұл қаражатты адамдарға өз кәсібін ашу үшін арнау тиімді болар еді" деген пікір бар. Бұл туралы не ойлайсыз?

Иә, субсидияланатын жұмыс орындары - "Еңбек" бағдарламасының сынға ұшыраған бағыттарының бірі. Рас, бұл уақытша жұмыс, олар ең көп дегенде бір жылға есептелген. Кейбір сарапшылардың бұл бағыт не үшін керектігін түсінбейтіні белгілі.

Біріншіден, бізде жұмысқа орналасу мүмкіндігі төмендеу азаматтар санаты бар. Бұл зейнет жасына жақын қалған адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыс өтілі жоқ оқу орындарының түлектері, бас бостандығын айыру орындарынан босап шыққандар және тағы басқа. Жұмыс берушілер оларды жұмысқа алудан қашады немесе әзер көнеді. Міне, осы тұста, біз оларды субсидияланатын жұмыс орындары арқылы ынталандырамыз.

Екіншіден, экономикада жаңа жұмыс орындарының тапшылығы туындаған кезде уақытша жұмыс орындары өте маңызды рөл атқарады. Адамда бір жыл бойы жұмысы және қандай да бір нақты табысы болады. Кәсіби шеберлігін жоғалтпанмен қатар, жаңа дағдыны меңгереді.

Уақытша жұмыс арқылы бағдарламаға қатысушыларда тұрақты жұмысқа орналасу жағы жеңілдейді. Мысалы, қатысушылардың 66%-ы "әлеуметтік жұмыс орындарынан" тұрақтыға ауысса, 25%-ы "қоғамдық жұмыстар" арқылы бір жерге орнықты. Жастар практикасына қатысушылардың 48%-ы, тәжірибеден өткен ұйымдарда, әрі қарай тұрақты жұмысқа қалды. Субсидияланатын жұмыс орындары - бұл еңбек нарығындағы ахуалға уақытында және икемді әсер ету тетігі. Сондықтан өз орны бар бағыт ретінде бағдарламада қала береді. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе.

Біржан Нұрымбетов3
Фото: NUR.KZ

- Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағытының тиімділігі қандай?

- Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін адамға үнемі білім алып, жаңа дағдыларды игеру қажет. Өмір бойы оқу - бұл әлемде кең етек жайған үрдіс. Бағдарлама жасалып жатқан 2016 жылдың соңында, үкімет бұқаралық сипатта қажетті дағдыларға үйретуге айрықша назар аударуды ұйғарды. Оның мәнісі келесіде. Ол кезде еңбекке қабілетті халықтың 28%-ындаорта мектептегі негізгі білім ғана бар болатын. Олар жұмыссыздар мен өзін жұмыспен қамтығандардың, жалдамалы жұмыскерлердің арасында жолықты. Бұдан ұғатынымыз, олар кәсіби дағдысы болмағандықтан, қара жұмысшы ретінде ғана бағын сынай алатын. Сондықтан оларға еңбек нарығында дағдарып қалмай, жылдам бейімделуі үшін жаппай тегін оқыту енгізілді.

Бірнеше жылдан кейін бұл әдіс экономикалық тиімділік тұрғысынан сынға ілікті. Қаржы жұмсалғанымен, оның нәтижесі қандай? Оқудан өткендер жұмысқа орналасты ма, жоқ па? Нәтиже күткеннен төмен болды. Тиісті жылдарда тіркелген ең жоғары жұмыспен қамту деңгейі 71%-ды межеледі.

Осыны ескеріп, өткен жылдың соңында әдіс-тәсілді қайта қарап, 2020 жылдан бастап қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жұмыс берушінің өтініші бойынша ғана жүргізуді шештік. Ол тапсырыс береді де, біз оқытқан соң, міндетті түрде маманды жұмысқа қабылдауды мойнына алады. Әрине көзделген көрсеткіш деңгейі төмендеді. Дегенмен қысқа мерзімді оқыту әлі де өзекті. Оған сұраныс бар. Сондықтан, біз бүгін басқа мүмкіндіктер жолын іздеудеміз.

Мәселен, биыл, американдық танымал Coursera онлайн платформасымен келісімге келіп, ол Электронды еңбек биржасы негізінде іске қосылды. Coursera бізге 50 мың ақысыз лицензия, Google, IBM, Facebook сияқты жетекші әлемдік компаниялардың және Йель, Стэнфорд, Принстон тәрізді ірі университеттердің 4,5 мың курсын ұсынып отыр. Қазақстандықтар үшін аталмыш алаңда білім алу тегін. Бүгінгі таңда оған ниет танытушылардан 62 мың өтініш келіп түсіп, 26 мың қазақстандық оқи бастады.

- Бағдарлама шеңберінде Қазақстан азаматтарына кәсіпкерлік негіздері де оқытылып, бизнес жобаларын қорғаған қатысушылар гранттар мен микрокредиттер алуда. Олардың қаншасының жобасы өміршең? Уақыт өте келе жабылып қалатындары көп пе?

- Бизнес-жобалардың өміршеңдігі туралы қозғалған тақырып өте орынды. Бағдарламаға қатысушылардың жағдайына қанығу үшін ахуалды бақылауда ұстап, жыл сайын сауалнама жүргізіп келеміз. Соңғы мәліметке зер салар болсақ, 65%-ы шаруасын өрге домалатып, 29%-ы арасында кідіріспен жұмыс істеуде. 5%-ы өз ісін ашқанымен, әрі қарай ширатып әкете алмай жабылған. Азаматтардың 1%-ы несиені алуын алғанымен, кәсіп ашпаған. Бұдан түсінетініміз, 6% түйткілді болып есептеледі. Бірақ өмірде солай, ұқсас жағдай бүкіл әлемде байқалады. Әлемдік қаржы институттарының зерттеуінше, стартаптардың 17%-ы бастапқы жылдың ішінде-ақ жабылып тынады. Осылайша кеңінен салмақтасақ, жағдай негізінен жаман емес. Біз бұл құралмен де алдағы уақытта жұмыс істеуді жалғастырамыз. Себебі ол тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, шығындарды ақтауда.

Біржан Нұрымбетов4
Фото: NUR.KZ

- Бүгінде көптеген қазақстандық жастар елден кетіп, басқа жақтан жайлы өмір мен мол ақша, биік мансап іздеуде. "Еңбек" бағдарламасы жас толқын үшін қаншалықты тартымды?

- Елден жастардың кетуі мен "Еңбек" бағдарламасының мүмкіндіктерімен тікелей байланыстыру дұрыс емес. Жастардың елден кету себептері бағдарлама ауқымына сыймайды. Дегенмен онда жастарды қолдау мәселесі басым бағыт ретінде ерекше мәнге ие. Жыл сайынғы бағдарламаға қатысушылардың шамамен 40%-ы жастар болып есептеледі. Оларға бағдарламаның барлық бағыттарында көңіл бөлініп, кейбірі тек жастарға арналған және жұмыспен қамтудың жүйелік олқылықтарын жоюға күш салынады.

Мысалы, статистикалық дерекке сәйкес, елімізде жыл сайын 20 мыңға жуық мектеп бітіруші ҰБТ тапсыра алмағандықтан білім алуды жалғастыру мүмкіндігінен айырылады. Осылайша олар небәрі 18 жасында еңбек нарығына жеткілікті білімсіз және жұмыс тәжірибесінсіз енеді. Біз білім беру жүйесінен шеттеген оларды жұмыспен қамту үдерісіне тартып, жұмысшы мамандықтарды игеру үшін техникалық-кәсіптік оқу орындарына жолдаймыз. Биыл мұндай қолдау 18,5 мың жас буын өкіліне тиесілі болып, олар тегін оқытумен және шәкіртақымен қамтылды.

Екінші әдіс - бұл жастар практикасы. Жастар оқу орнын бітіріп, диплом алған соң жұмысқа орналасуға беттейді. Алайда, жұмыс берушілердің басым бөлігі жұмыс тәжірибесі жоқ мамандарды алуға құлықсыз. Еңбек өтілін жинау үшін жұмыс табу керек, ал жұмысқа орналасу үшін тәжірибе керек. Тығырыққа тірелудің бір көрінісі осы. Жастар практикасы тиісті түйткілді тарқататындықтан, зор сұранысқа ие. Біз компаниялармен олардың бағдарламаға қатысушыларды оқыған мамандығы бойынша штаттан тыс жұмысқа алатынына келісеміз де, мемлекет 6 ай тәжірибеден өтушінің жалақысын төлейді, сәйкесінше жұмыс беруші ешқандай шығынға ұшырамайды.

Биыл біз бұл мүмкіндікті, жастар практикасы аясында, тырнақалды тәртіпте "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобаларын іске қосу арқылы кеңейттік. Егер жұмыс берушілер жаңалықты жылы қабылдаса, қолға алынған істі кеңейте береміз.

- Пандемия кезінде "Еңбек" бағдарламасының көмегі сезілді ме?

- Індеттің тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемдегі еңбек нарығына ауыр сынақ болғаны даусыз. Сондықтан жалғыз "Еңбек" бағдарламасының үлесін бағалау қиын. Себебі үкіметкүш-жігерді толық жұмылдырып, барлық мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін пайдаланды. Дағдарысқа қарсы жаңа "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде, бағдарламалардың барлығын іске асыру арқылы, 1,2 миллион адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады деп отырмыз.

Еңбек нарығына жасалған ресми статистикалық талдауға сәйкес, ағымдағы жылдың 2 және 3 тоқсанында Қазақстандағы еңбек нарығында мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жұмыссыздықтың күрт өсуі емес, жұмыс уақытыныңедәуір қысқаруы аңғарылды. Сәуір айында 4 миллион адам белсенді жұмыстан тыс болды. Ресми статистикаға сәйкес, 2-тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 5%-ға дейін өссе, тағы 5,8% қазақстандықтардың жұмысы болғанымен, шектеулерге байланысты жұмыс істей алмады.

Үшінші тоқсанда жағдай тұрақталып, жұмыссыздық деңгейі бұрынғыдай 5%-ды құрады, ал белсенді жұмыспен қамтылмаған адамдар саны 4,2%-ды құрады. Бүгінде ахуал оңалып келеді деп айта аламыз. Әрине коронавирустың екінші толқынының алдын алу өте маңызды. Әйтпесе үкімет шұғыл шараларды қолға алып, локдаун жариялауға мәжбүр болатыны аян. Салдарында экономикаға, бизнеске және еңбек нарығына қатты соққы жасалады. Егер олай болмаса, жұмыссыздықты 5% деңгейінде ұстай аламыз деп ойлаймын.

- Жақын арада бағдарламаға жаңашылдықтар енгізіп, оны жетілдіру жоспарда бар ма?

- Біз біраз жаңалықтарды 2019 жылы енгізуге тырысып, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға микрокредиттер мен гранттарды алуды жеңілдеттік. Бұдан тыс қысқа мерзімді курстарда оқу тәсілін өзгерттік, жастарға жаңа мүмкіндіктердіқамтамасыз еттік. Бағдарлама келесі жылы аяқталады, алайда біздің ұжым қазірдің өзінде 2021 жылдан кейін басталатын жаңа құжаттың нобайын түзуге кірісті. Онда біз өткен бағдарламалардың барлық ерекшеліктерін, артықшылықтары мен кемшіліктерін, сондай-ақ пандемия тәжірибесін ескергіміз келеді.

Келесі жылға арналған болжамға тоқталсақ, онда барлығы коронавирус жағдайына байланысты болады. Менің ойымша, осы жылдың екінші және үшінші тоқсандарының нәтижесі көрсеткендей, еңбек нарығында ахуал ушықпайды. Әрдайым дайын күйдеміз. Жұмыспен қамтудың жол картасын жалғастырып, азаматтардың еңбек нарығында дағдарып қалмауы үшін барлық күш-жігерді салатын боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты журналист Әсел Кенжалина жүргізді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883682-birzan-nrymbetov-ebek-bagdarlamasy-zagdajdy-usyktyrmauga-mmkindik-berdi/

pixel