RU

Алматы облысындағы тас жолда алты көліктің қатысуымен ірі жол апаты болды (видео)

Көлік апаты
Видеодан кадр: instagram.com/kris_p_kz

Алматы облысындағы Алматы - Жандосов автожолында алты көлік соқтығысып қалды. Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде пайда болған. Оқиғаға қатысты өңірдің полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бірнеше автокөлік, оның ішінде жүк көлігі соқтығысқан жол-көлік апатының видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Жол апатының орны - Қаскелең бұрылысындағы жоғарғы тас жол.

Полиция аталған фактіні растап, оқыс оқиға 8 қараша күні Алматы - Жандосов автожолында алты автокөліктің қатысуымен болғанын хабарлады.

"Алдын ала ақпарат бойынша, Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі "Жол бер" жол белгісін елемей, басты жолға шыққан. Осылайша, ол Toyota Solara автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жол бойында тұрақта тұрған төрт автокөлікке зақым келген. Жол апаты салдарынан Toyota жүргізушісі жеңіл жарақат алды, алайда ауруханаға жатудан бас тартты.

Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 610-баптың 1-бөлігі (Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша әкімшілік материал жиналды.

Іс жақын арада сотқа жіберіледі", - деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қостанайлық полицейлер "Сақтандыру полисі" жедел алдын алу шарасы барысында әкімшілік жауапкершіліктен жалтарған жүргізушілерді ұстады.

Сондай-ақ Қазақстанда көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігінсіз қатынауға рұқсат етілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1883776-almaty-oblysyndagy-tas-zolda-alty-klikti-katysuymen-iri-zol-apaty-boldy-video/