RU

1,2 млн теңге жалақы алатын ер адам алимент төлемегені үшін пәтері мен көлігінен айырылды

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстандық азамат алимент бойынша қарызын төлемегені үшін 2 бөлмелі пәтері мен автокөлігінен айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы әділет министрлігіне сілтеме жасап.   

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдан бастап борышкер үш баласына алимент төлемеген.

Қапшағай қаласының жеке сот орындаушысы салық органдары арқылы ер адамның ай сайын 1,2 миллион теңге табыс табатынын анықтаған. Сондықтан осы уақыт ішінде оның алимент бойынша қарызы 21 миллион 600 мың теңгеге жетіпті.

Содан кейін борышкердің Алматы қаласындағы 2 бөлмелі пәтері мен Toyota Camry маркалы көлігіне бұғау салынып, бағалау жүргізілген.

"Борышкер бірнеше рет жеке сот орындаушысына шақырылып, балаларын асырауға алимент төлеу қажеттілігі туралы ескертілді. Алайда ол сот шешімін орындаудан бас тартты", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Борышкер өз міндетін орындамағаны үшін жеке мүлкінен айырылған.

 "Тіркемесі бар автокөлік 3,2 миллион теңгеге, пәтер 13,6 миллион теңгеге бағаланып, өндіріп алушыға заттай берілді. Қазіргі уақытта алимент бойынша берешек 4 миллион 777 мың теңге қалды", - деді әділет министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін алиментке қарызы бар Екібастұз тұрғыны төрт бөлмелі пәтерінен айрылып қалғанын жазған едік.

Сонымен қатар елімізде алимент төлемегендерге қандай жаза қолданылатынын да хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884251-12-mln-tege-zalaky-alatyn-er-adam-aliment-tlemegeni-sin-pteri-men-kliginen-ajyryldy/