Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құмырсқа илеуіндей": Алматылықтар cалынып жатқан көпқабатты үйлерге алаңдаулы (фото)

Опубликовано:

Тұрғын үй кешені салынып жатыр
Фото: NUR.KZ

Алматыда тұрғын үй құрылысы жылдам қарқын алуда. Ел үкіметі 2030 жылға дейін жалпы халықтың 70%-ы қалаларда тұрады деген болжам жасады. Алматы сияқты мегаполисте халық санының күрт өсуі құрылыс компанияларының оң жамбасына келіп тұр. Құмырсқаның илеуіндей жыпырлаған тұрғын үй кешендері жақын болашақта қоғамдағы асқынған жараның бетін ашпасына кепіл жоқ. Олар онсыз да мектебі, балабақшасы мен емханасы көңілді көншітпейтін қаланың шет аудандарындағы жағдайды күрделендіре түсуі мүмкін. KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматының сырт ауданындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымына шолу жасады.

Мына тұрғын үй кешендері салынбай жатып сатылымда тұр. Жарнамасы жер жарады. "Екі аттасаң - мектеп, дүкен, балабақша, емхана, бір шақырым жерде спорт кешені", - деп "айқайлайды" сату бөлімдері.

Құрылыс жүріп жатыр
Фото: NUR.KZ

Бұл үйлер Алматының қымбат саналатын Медеу ауданына қарасты Думан ықшам ауданында тұрғызылып жатыр.

Құрылыс жүріп жатыр
Фото: NUR.KZ

Талғар тас жолының бойында бір мезетте қарама-қарсы екі-үш тұрғын үй кешені бой көтеруде. Әрқайсысының биіктігі кемінде 7-9 қабаттық.

Құрылыс компаниялары жерді гектарлап қоршап алған. Кешендердің техникалық паспортына сүйенсек, тұрғын үйлер әлі де тұрғызылатын түрі бар.

Мектепте орын тапшылығы сезіледі
Фото: NUR.KZ

Думан ықшамауданында жалғыз мектеп бар. №172 мектеп-гимназиясында баласы оқитын ата-аналар параллель сыныптардың өте көп екенін айтады. Мектепте орын жетіспеушілігін шешу үшін әкімдік жақында 850 орындық қосымша ғимарат салып берген. Тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталса, оқушылар тағы да таршылық көруі әбден мүмкін.

Думан-2 шағынауданындағы балабақша
Фото: NUR.KZ

Бұл мәселеге қатысты қалалық білім басқармасы пікір білдірген.

«Біз мектептерде орын жетіспеушілігін қысқартуға әрекет жасаудамыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік мектептердің 40%-ы орын тапшылығын сезініп отыр. Бізде 30мың орын жетіспейді. Жыл сайынғы оқушы санының тұрақты өсіміне туу мен ішкі миграция әсер етіп жатыр", - деген еді қалалық білім басқармасының басшысы осы жылы мамыр айында өткізген онлайн брифингте.

Ал мынау жергілікті амбулатория. Бір қабатты кішкентай ғимаратта тек жалпы тәжірибелік дәрігерлер отырады.

Амбулатория ғимараты
Фото: NUR.KZ

Емхана қызметін толық алу үшін ықшамаудан тұрғындары көрші шағынауданда орналасқан №2 қалалық емханаға барады. Ем алушы жұртты қан талдауы, арнайы мамандардың қабылдауына сол жаққа жібереді.

Думан ықшамауданындағы амбулатория
Фото: NUR.KZ

Талғар күре жолының Алматыға кіреберіс бөлігі көліктің көптігінен таңғы сағат 7-9 аралығында осылай бітеліп тұрады.

Талғар тас жолындағы көлік кептелісі
Фото: NUR.KZ

Қалаға қатынап жұмыс істейтін іргедегі ауыл тұрғындарында болашаққа деген алаңдаушылық бар. Егер мына тұрғын үй кешендері келер жылы қолданысқа берілсе, жолдың тарлығынан көлік кептелісі бірнеше шақырымды құрауы мүмкін.

Қаз-қатар тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешендері қаланың жалғыз осы ауданында емес. Алматының орталығында да екі қабатты ескі үйлер сүзіліп, орнына 10 қабаттан асатын көп пәтерлі үйлер түсіп жатыр.

Таяқтың екі ұшы бар. Әкімдер тұрғын үй кешендерінің құрылысының қарқын алуын қолдайтыны анық. Бұл - қала халқының баспана мәселесін шешетін бірден бір жол. Алайда жерді құрылысшыларға бөліп беруде жергілікті билік өкілдері ондағы инфрақұрылымды ескерсе болғаны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884298-kmyrskany-ileuindej-almatyda-calynyp-zatkan-kpkabatty-jler-trgyndardy-aladatuda-foto/

pixel