Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аштық жайлаған дала": Ұлы жұтты көрген қазақтар туралы америкалық тарихшы не жазды

Опубликовано:

Аштық жайлаған дала
Фото: neonomad.kz

Ресейде америкалық тарихшы Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» атты кітабының орыс тіліндегі аудармасы жарық көрді. Кітап «Новое литературное обозрение» баспасында шыққан. Кітап авторы ашаршылықты бастан кешкен куәгерлердің мұрағаттық жазбаларына сүйене отырып, қазақ даласындағы зұлматта адамдардың аштан қырылғаны, жеуге келмейтін нәрсені азық қылғаны жайлы әңгімелейді. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ порталы кітаптан үзінді келтіреді.

Зұлмат жылдарының куәгерлері адам етін жеу мақсатымен кісі өлтіруге барған жекелеген жайттарды суреттеп берген.

Атап айтқанда, Шу ауданында аш-жалаңаш бұқараға тамақ тарататын жерде жұмыс істейтін Данеман (Дінаман? – ред.) есімді шенді әйел үй-күйсіз босқынның өлім аузында жатқан екінші босқыннан қарнын жарып, бауырын суырып алып, жанындағы аш адамға бергенін көзімен көрген. Ал аш адам бауырды шикілей жеп алған.

Басқа дереккөздерде тірі қалғандардың каннибалдық әрекеттері немесе өлген адамның етін жегені туралы мәліметтер сақталған.

1933 жылы ақпан айында Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) қызметкерлері Әулие-атада адам етін сатқан әйелді ұстады. Етті зерттеген дәрігер 5-6 жастағы баланыкі деген қорытынды шығарды.

Ашаршылықты бастан кешкен Хәлім Ахметов адам етін қайнатқан адамдарды білетінін еске алады.

Ал кейбірі сиырдың немесе жылқының терісін қорек етіпті. Алайда мұндай "жақсы тамақ" өте тапшы болғандықтан, оны жеу тек балалар мен өлім аузында жатқан жандарға ғана бұйырған. Көпшілігі тірі қалу үшін ит жемеген нәрселермен қоректеніпті.

Ашаршылықтан аман қалғандардың айтуынша, көпшілігі кеміргіш тышқандар мен жабайы шөптерді талғажау еткен. Бүкіл ел егіс алқабынан масақ теріп, тентіреп кеткен. Басқалары исламға кереғар болғандықтан тышқан етін жеуден бас тартқан.

Шу ауданында, Дінаман есімді әйелдің куәлік етуінше, аш жалаңаш жұрт жиде ағашының тікенін теріп, одан нан пісірген. Сол нанды жеген адамның асқазаны түйіліп, ауыратын болған.

Тіпті кей қазақтар аяқ киімінің табанындағы мал терісінен жасалған ұлтарақты сорған дейді. Дінаманның суреттеуінше, алдымен ұлтарақты отқа ұстап, қақтап, жүнін үйтіп алған. Содан кейін ғана шайнап жеген.

Сол жылдары ең үлкен мәселе мәйітті жерлеу болды. Дінаманның айтуынша, Гуляевка ауылына барар жолдың шетінде, сексеуіл түбінде мәйіттер самсап жатқан.

Үштөбе ауылында көлік бөлімінің басшысы болған шенді теміржолдың екі жақ бетіндегі арық адамдардың мүрдесіне толғанын жеткізді. Ауыл тұрғындарының оларды жерлеуге шамасы келмепті.

Ал қалаларда мәйіттерді жинау ең басты жұмысқа айналды. Жерленбеген мәйіттердің сасық иісі бүкіл қаланы алған. Сол себепті елдімекендерде түрлі жұқпалы ауру тараған.

Қазақ босқындарының өлімші күйі партиялық элита өкілдерінің өмірімен салыстыруға мүлде келмейтін. Олар ашаршылықты тек күйлі вагонның терезесінен тамашалап қана отырған.

Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың уәкілетті өкілінің орынбасары Сергей Мироновтың әйелі Агнесса Миронова ашаршылық жүріп тұрғанда қазақ даласына саяхатын былайша еске алады:

«Вагонымыз патшалық вагон, Николай заманынан қалған. Салоны жасыл барқытпен қапталған, ал жатын бөлме қызыл барқытпен көмкерілген. Екі кең төсек. Жолсеріктер әрі аспаздар бізге жақсы ас дайындап берді. Біздің вагонда мұздатылған тауық, қой еті, ірімшік, сияқты түрлі ас-ауқат болды», - дейді ол.

Миронованың мемуарлары көрсеткендей, ашаршылық жылдары партиялық элита мен көшпенді кедей қазақтың арасы жер мен көктей болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884407-asarsylykty-kzimen-krgen-kazaktar-turaly-amerikalyk-tarihsy-ne-zazdy/

pixel